Untitled Document

Аңыз... Юсуф «алейһиссалам» пайғамбар (2)

Керуендегілер оны Мысырға апарып, құл базарына шығарады. Жүзінен нұр төгіліп тұрғандықтан барлығы оны сатып алғысы келеді. Оны Мысыр билеушісі Раянның қазынашысы Азиз сатып алады. Азиздің әйелі Зылиха жас болатын. Хазреті Юсуфтың көркемдігіне, жүзіндегі пайғамбарлық нұрға барлық адам таң қалатын. Бұл жағдай Зылиханың оған ғашық болуына себеп болды. Зылиха бір күні хазреті Юсуфты қасына шақырады. Қанша сәнденсе де хазреті Юсуф оған көңіл аудармайды. Ғашықтықтан нәпісін тыя алмаған Зылиха Юсуфтың көйлегінің артынан ұстап, тартып қалғанда киімі жыртылады. Осы сәтте қазынашы Азиз болған оқиғаның үстінен келіп қалады. Зылиха «мені масқаралап, зинаға шақырды, зорлық қылды» деп Юсуфты кінәлап, оны зынданға тастатуға бұйырады. Азиз қазыларға барғанда көйлек алдынан жыртылса Юсуф, артынан жыртылса Зылиха кінәлі екенін айтады. Зылиханың кінәлі екенін біле тұра қазынашы ел аузына тарап кетуден қорқып, Юсуфты зынданға тастайды. Өсек түбі тарамай қоймайды. Бір күні Зылиха бір топ әйелдерді қонаққа шақырып, жеміс туратып қояды. Және осы сәтте Юсуфты зынданнан алдырып, олардың алдарынан жүріп өтуді бұйырады. Хазреті Юсуф өтіп бара жатқанда, аһ ұрып, сұлулығына қайран қалған әйелдер жеміспен қоса саусақтарын да кесіп алғандарын сезбей қалады. Зылиха өсекші әйелдерге шындықтың бетін ашып береді. «Расында да, оны мен азғырдым. Сұлулығына телміріп, нәпсімді тыя алмадым» деп мойындайды. Кейіннен Аллаһтың әмірімен Юсуф зынданнан шығады. Сыртқы сұлуығымен ғана емес, одан екі есе артық болған ішкі сұлулығымен ерекшеленетін Юсуф пайғамбар туралы қасиетті Құран кәрімнің 12-ші «Юсуф» сүресінде айтылады.