Сіз білесіз бе? Құранда аты аталған алты жеміс (2)
Зәйтүн. «...Сондай-ақ жүзімнен бақтар және бір-біріне ұқсайтын, ұқсамайтын зәйтүн мен анар шығарамыз. Олардың жеміс салған және жемісі пісіп жетілген кезіне назар салыңдар...» («Әнам» сүресі, 99-аят).
Зәйтүн майында көп кездесетін линолей қышқылы холестеринді азайтады. Жараның тез жазылуын қамтамасыз етіп, көздің өткірлігін күшейтеді. Ал оның құрамындағы фенолдар иммунитетті көтеріп, кәрілікті баяулатады. Зәйтүннің моноқанықпаған майларын қуыруға
да, табиғи күйінде де пайдалануға болады. Ағзаңыз өзіне керегін алып, артығын қабылдамайды.
Зәйтүннің қасиетіне қарап оны сұлулық құпиясы деуге толық негіз бар. Оның құрамындағы А және В дәрумендері теріге жағымды әсер етеді, шашты нығайтып, өсуін тездетеді және жылтыратады. Ал оның моноқанықпаған майларындағы А және Е дәрумендері әйелдің жүкті болу мүмкіндігін арттырады. В6 дәрумені жүктілік кезіндегі варикоз бен тромбоздың алдын алады. Зәйтүн майын тамақпен бірге күніне кем дегенде бір рет қолдану – әйелдердің омырау безі обырының алдын алады. Себебі зәйтүн омырау безі обырының пайда болуына себеп болатын HER-2/neu онкогеніне қарсы тұруға қауқарлы.
Зәйтүнді Пайғамбарымыз (сәллаллаһу алейһи уәсәлләм) да жақсы көріп, күнделікті қолданған. Хадистерде бұл майды бет күтіміне, шаш, қас күтіміне пайдалану керектігі айтылады. «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар, өйткені ол – мүбәрак ағаш», – деген. (Тирмизи) Тағы бір хадисінде Аллаһ елшісі (сәллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар. Расында оның бойында жетпіс түрлі дертке шипа бар. Оның ішінде алапес (ауруына да ем)», – деген.