Untitled Document

Аңыз... Юсуф «алейһиссалам» пайғамбар (1)

Хазреті Юсуф пен бауыры Бунямин аналарынан айрылғаннан кейін әкелері Хазреті Яқуб (Жақып) оларға басқа ұлдарынан да көп көңіл бөле бастайды. Ағалары бұл халді көріп, қызғаныштан жарыла жаздайды. Бір күні Юсуф ғажайып бір түс көреді. Түсінде он бір жұлдыз және Ай мен Күн оған сәжде қып, бас иіп тұр екен. Оянған соң бұл түсті әкесіне айтып береді. «Балам, мәртебең үстем болады екен. Мұндай шапағатқа Аллаһтың нұры түскен адамдар ғана ие болады», – деп жорып берген әкесі Хазіреті Яқуб бұл түсін ешкімге айтып қоймауын өтінді. Алда бір қастандық жасалар деп қауіптенген еді. Әкенің балаға деген ықыласы одан сайын арта түседі. Қалған ұлдары әкесінің махаббатын қызғанып, әзәзілдің азғыруымен Юсуфті өлтіруді ойластырады. Хазреті Юсуфті қыдыруға алып шығу үшін әкелерінен рұқсат сұраған он аға, серуенге шығады. Бірақ бауырларын өлтіруге қимай, құдықтың түбіне тастап кетуді ұйғарады. Керуеншілер құдыққа аялдамай өтпейтінін білетін олар Хазреті Юсуфті бір құдыққа тастайды да көйлегіне қан жағып, үйлеріне қайтады. Үйге жақындағанда өтірік жылай бастайды. Хазреті Яқуб пайғамбар мұны естіп, «не болды, Юсуф қайда?» деп сұрайды. Олар қанды көйлекті көрсетіп, «Жарысқан болатынбыз, Юсуф киімдерімізге қарап қалған болатын. Оны қасқыр жеп кетіпті» дейді. Хазреті Яқуб жылап, қанды көйлекті бетіне, көзіне сүртеді. Онда ешқандай жыртықтың жоқ екенін көріп, оны қасқыр жемегенін түсінеді. Бұл арада жас Юсуф тасталған құдықтың қасына бір керуен келіп тұрақтайды. Олардың бірі құдыққа шелек тастағанында хазреті Юсуф шелекте жабысып, сыртқа шығады.