Untitled Document

Ертең... Мұғалімдер күні

Мұғалімдер күні — білім беру саласындағы қызметкерлердің кәсіби мерекесі. 2003-інші жылғы қарашаның 15-інде ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстанда кәсіби және басқа да мерекелердің жаңа тізімі бекітілді. Осы Жарлыққа сәйкес мұғалім күні - қазан айының бірінші жексенбісі. 1994-інші жылы ЮНЕСКО қазанның 5-ін - Дүниежүзілік Мұғалім күні деп бекіткен. Мұғалім ең қиын мамандықтың бірі болып саналады.Көп адамдар өз өмірін бала тәрбиесіне, мектепке арнауға батылдары жетпейді. Олардың бізге берген білімі біз үшін өте маңызды да пайдалы.

Мұғалім – шәкірт тәрбиелеу, тәлім беруді мойнына алған, білім ордаларында балаларға ғылымнан нәр алдырып, болашаққа бағыт-бағдар беріп, оларды өмір атты аламан жолға дайындайтын дана және дара тұлға. Пайғамбарымызға келген алғашқы уахидің де “Оқы, оқы…” деп басталуы адамды ізгілікке бастаушы ғылым-білімнің маңызын, осы ілімді шәкірт жүрегіне егуші ұстаз қызметінің маңызын аңғартады. Мұғалімдер күнінен мақсат ұстаздың қоғамдағы маңыздылығын, қадірін түсіну, ұстаздар арасындағы байланысты нығайту, шәкірттері арасындағы құрметті күшейту болып табылады. Мұғалімдер күні осы күрделі міндетті арқалап атқарып жүрген ардақты ұстаздарымыздың ерен еңбегін бір рет тағы ескеріп, алғысымызды жаудыра алуға себепші болатын маңызды күн. Мұғалімдерімізге деген құрметімізді, сүйіспеншілігіміз бен алғысымызды айта алу үшін бұл күн жақсы мүмкіндік. Оқуды бітіріп үлкен өмірге аяқ басқанда да бізді осы күндерге дайындаған ұстаздарымызды еске алу, оларға барып құттықтау, телефонмен немесе хат арқылы хал-жағдайын сұрап, құттықтау жіберу өте жақсы болады.