Untitled Document

Жалғасы... Қажылық маусымында орын алған ғибраттық оқиға (2)

Есін жиған соң ол жердің арал екенін түсінді. Сол жақтағы адамдармен танысты. Мешіттерінің бірінде Құран кәрім оқыды. Жергілікті халықтың басым бөлігі оны тыңдауға мешітке келетін болды. Халық одан өздеріне және балаларына Құран кәрім үйретуін сұраған соң өтініштерін орындады. Осы аралда тұрғанына біраз уақыт өтті. Кейіннен оған адамдар «Арамызда жетім қыз бар. Cізді cол қызға үйлендіргіміз келеді» деп ұсыныс білдірді. Мұхаммед Ансари олар табандылық танытқандықтан, ұсыныстарын қабылдап, қызға үйленді.

Туыстары мойнында жарқырап тұрған моншағы бар қызды үйіне әкелді. Ол моншақ Мұхаммед Ансари жолда тауып алған әмиянның ішіндегі моншақтың дәл өзі еді. Оған мұқият қарай бастады. Моншаққа көз алмай қарап тұрғанын қыздың туыстары байқап қалды. Себебін сұрағанда Мұхаммед Ансари оларға Меккеде басынан өткен сол моншақпен байланысты оқиғаны айтып берді. Сонда олар тәкбір айтып, шүкір ете бастады. Мұхаммед Ансари олардан «Неге бұлай істеп жатырсыздар?» деп сұрағанында «Айтып берген оқиғаңдағы моншақтың иесі болған қария осы қыздың әкесі. Ол кісі сіз туралы «Мен ол адамдай мұсылман көрмедім. Ей, Аллаһым! Оны маған кезіктір. Қызымды оған некелестірейін» деп дұға ететін еді. Қазір осы тілегі орындалған болды. Сіз оның қызына үйлендіңіз» десті.