Untitled Document

Рамазан сұхбаты... Ораза – тек ауыз бекіту емес

Аллаһу та'ала иман еткендерге жылына бір рет рамазан айында ораза ұстауды әмір еткен. Хақ та’ала бұл әмірді себепсіз бермеген. Ораза адамдарға әрі материалды, әрі рухани пайда беруде. Бір жыл бойы түрлі тағамдарды қорту үшін шаршаған адамның асқазаны және ішектері жылына бір рет демалып, өзінің саулығын сақтаған болады. Бұл – физикалық жағынан беретін пайдасы.

Рухани пайдасы болса – ораза ұстаған адам, аш қалған адамның тартқан азабын, өз басымен сезіп, кедейлерге көмек беру керек екенін сезінеді. Бұл адамдардың бір-біріне көмектесулеріне себеп болады. Бір-біріне көмектесетін адамдардың қоғамында қақтығыстар болмайды.

Ораза ұстаған адамның тек асқазанын демалдыруды, диета ұстауды көздеуі оразаның сахих және қабыл болмауына себеп болады. Өйткені ораза тек сусыз және аш қалудан, белгілі формадағы және керексіз амалдардан ғана құралған емес.

Оразаның ішкі-мағына әлемінде көптеген үкімдері мен пайдалары бар. Ілімі мен түйсігі жоғары болғандар, дененің рухтың мекені және нәпістің қалауларының пайда болатын жері екенін біледі. Нәпістің дене қалаулары қанша көп болса және денеден қаншалықты күші басым болса, рухтың жетілуі де сонша аз және тіпті болмайды да. Барлық діндерде нәпістің қалауларын орындамау, яғни риязат (шілдеге отыру) шегу Аллаһу та'алаға жақындауға уәсилә болады деп білдірілген. Риязат нәпістің шахуатын сындырады. Сондықтан барлық дінде риязат жасау құнды болып саналған. Пайғамбарымыз «Ораза ұстаған адам өтірік айтуын тастамаса, ол адамның жеп-ішуді тәрк етуіне Аллаһу та'аланың мұқтаждығы жоқ» деген.

Дұрыс және ықыласты ғибадат жасайтындардың, қате ғибадат жасайтындардан айырмашылығы – Аллаһу та'аланың әмірлеріне мән беруінде. Өйткені намаз бен оразаның ықыласпен орындалғаны да, салғырт орындалғаны да сырттан бірдей көрінеді. Тек ішіп-жеуден тыйылып, өтіріктен, ғайбаттан тыйылмай тұтылған оразаның сырты ғана ораза, өзі пайдасыз амал екендігін ислам ғұламалары білдірген.