Untitled Document

Сұхбат... Халал күн көрудің маңызы

Құран кәрімнің «Мүминун» сүресі, 52-аятында былай делінеді:

«Ей пайғамбарларым! (салауатуллаһи алейһим әжмаин) Халал және таза тамақтаныңдар және маған лайық ғибадат етіңдер!».

Хадис шәрифте былай делінеді: «Халал табыс табу әрбір мұсылманға парыз».

«Бір кісі харам араластырмай 40 күн халал тамақтанса, Аллаһу та’ала оның жүрегін (көңілін) нұрға толтырады, жүрегіне өзендердей хикметтер ағады. Дүниеге деген махаббатын көңілінен кетіреді».

«Көп кісілер бар, жегендері мен ішкендері харам. Сөйте тұра олар қол жайып дұға етеді. Мұндай дұға қалай қабыл болады?».

«Харам жегендердің парызы да, сүннеттері де қабыл болмайды». (Яғни сауабына қауыша алмайды). Он теңгелік киімнің бір теңгесі харам болса, ол киіммен оқылған намаз қабыл болмайды.

«Хараммен тамақтанған дененің отта жануы лайықтырақ болады».

«Мал-мүліктің халалдан ба, харамнан ба келгенін ойланбағандар тозақтың қай жеріне тасталса тасталсын, Аллаһу та’ала оларға рахымшылық етпейді».

«Ғибадат он бөліктен тұрады, оның тоғызы халал күн көру». 

«Халал табу үшін шаршап үйіне келген кісі күнәсіз жатады, Аллаһу та’аланың сүйген құлы болып тұрады».

«Аллаһу та’ала «харамнан сақтанып жүретіндерден есеп сұрауға ұяламын» деген».

Дүниелік табыс табу үшін жұмыс істеу күнә емес. Дүниелікті жақсы көру, дүниеге көңілін байлау күнә болады. Са’д бин Әби Уаққас хазрет: «Йа Расулаллаһ дұға етіңіз, Аллаһу та’ала менің әрбір дұғамды қабыл етсін!» дегенінде, пайғамбарымыз: «Дұғаның қабыл болуы үшін халалдан тамақтаныңдар» деді.

Хазреті Әбу Бәкір қызметшісі алып келген сүтті ішеді, сонан соң халалдан болмағанын біліп, саусағын аузына салып құсады. Қиналып шығарғаны сонша, көргендер өлейін деп жатыр деп ойлады. Кейін: «Йа Раббым, қолымнан келгенін істедім, асқазаным және тамырларымда қалғандарынан саған сиынамын!» деп жалбарынады.