Untitled Document

Өлең... Шын бақ қайсы? Күншіл кім?

Бай, ұлық жуандарды бақты көрмек,
Ол мисыз шолақ оймен баға бермек.
Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар:
Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек.

Бұл үшеуі біріксе, сорды жоймақ,
Шын бақ осы деп бұған ақыл тоймақ.
Бір адамға мұндай бақ біте қалса,
Өзімшіл көп күншілдік көзін оймақ.

Жарқанат жек көреді күннің нұрын,
Күншілдің ұқсатамын соған түрін.
Өзге жанға біткенін ұнатпайды,
Әлгі айтылған бақтардың бірде-бірін.

Өзімшілдің іші тар, ойы шартық,
Ала алмас ол біреудің бағын тартып.
Күндейді деп күн нұры жоғалғанша,
Мың жарқанат соқыр болып қалғаны артық.

Шәкәрім Құдайбердіұлы

Хикмет...

Жазылып жатқан кітап

      Бір адам тоқтаусыз боғауыз, боқтау сөздер айтып жатқан еді. Сол кезде жолдан өтіп бара жатқан бір әулие кісі оған былай деді:

«Сен өзің не айтып тұрсың! Айтып жатқан сөздеріңе мұқият бол! Біліп қой, сен қазір Раббыңның құзырына шығарылатын, кітапқа жазылып жатқан сөздерді айтудасың. Сондықтан бұл кітабыңды жаман нәрселермен толтырма!»