Untitled Document

Сұхбат... Расулуллаһтың Хазреті Әлиге айтқан өсиеті

Мүминнің 3 белгісі болады: Намаз оқу, ораза тұту және садақа беру.

Рияшының 3 белгісі бар: Адамдардың жанында намазының руку және сәжделерін толық орындайды, ешкім көрмеген жерде ешбір рүкінін дұрыстап орындамайды. Мақтаған кезде сүйсіне ғибадат етеді. Адамдардың арасында Аллаһу та’аланы көп зікір етеді.

Залымның 3 белгісі бар: Өзінен төмен тұрғандарға қысым көрсетеді. Күші жеткенше халықтың малын, мүлкін қинап тартып алады. Ішіп-жеуінен, киінуінен ешнәрсе аямайды. 

Сараңдарда 3 белгі болады: Жанында болған адамның бетіне жағымпазданады. Алыстағанда артынан ғайбат етеді. Өзгенің басына қиыншылық түссе қуанады. 

Мұнафықта (екі жүзділерде) 3 белгі бар: Өтірік айтады. Сөзінде тұрмайды. Аманатқа қиянат жасайды.

Жалқауларда 3 белгі болады: Аллаһу та’аланың әмірлерін орындауға ерінеді. Құсырлы, кемшілікпен амал етіп, амалы босқа кетеді. Намазын кейінге қалдырады. Тіпті уақытын өткізіп те жібереді. 

Тәубе етушілерде 3 белгі бар: Харамдардан, күнәдан сақтанады. Ілім үйренуде ынталы болады. Күнәға қайта кері қайтпайды.

Ақылдыларда 3 белгі болады: Дүние малына байланбайды. Қиыншылықтарға төзеді. Жоқшылықта сабыр етеді.

Ақымақтардың 3 белгісі бар: Аллаһу та’аланың парыздарына жалқаулық етеді. Мағынасыз, қисыны жоқ сөздерді көп айтады. Махлұқтарға қорлық көрсетеді. 

Бағы барлардың 3 белгісі бар: Халалдан жейді. Ілім үйрену жиындарына қатысады. Бес уақыт намазын жамағатпен орындайды. 

Жаман амалдылардың 3 белгісі болады: Аллаһтың әмірлерін орындауда жалқаулық танытады. Айналасындағылардың бәріне зияны тиеді. Өзіне жақсылық жасағандарға жамандықпен жауап береді.

Күнәһарлардың 3 белгісі бар: Көп жаңылысады және қате жібереді. Ойын, би және музыкамен уақытын өткізеді. Ұмытшақ болады.

Опасыздың 3 белгісі бар: Туған-туысқандарын жазғырады. Көршісіне қорлық көрсетеді. Күнә істеуді жақсы көреді. 

Аллаһу та’ала бетін қайтарғандардың 3 белгісі болады: Өтірікті көп айтады. Жалған сөзде көп ант ішеді. Халыққа қиыншылық көрсетеді.

Достың 3 белгісі бар: Мал-мүлкін саған құрбан етеді. Нәпсін саған құрбан етеді. Сенің сырыңды жасырып жүреді. 

Кәпірдің де 3 белгісі бар: Дінінде күмәнданады. Аллаһу та’аланың достарын өзіне дұшпан көреді. Раббына мойынсұнбайды және ғибадат етпейді.