Untitled Document

Сұхбат... Намаздың түрлерi

Мұсылмандарға әмiр етiлген намаз түрлерi үшке бөлiнедi. Олар: 1. Парыз. 2. Уәжiп. 3. Нәпiл.

1.       Парыз намаздары: Бес уақыт намаздың парыздары; Жұма намазынының екi рәкат парызы мен жаназа намазы. (жаназа намазы парзы кифая).

2.       Уәжiп намаздары: Үтiр намазы, Рамазан айт намазы, Құрбан айт намазы, аяқталмай қалған нәпiл намаздары. Қаза болған үтiр намазының кейiннен қазасын өтеу де уәжiп.

3.       Нәпiл намаздары: Бес уақыт намаздың сүннеттерi, тарауих намазы. Сауап алу ниетімен оқылатын тәһәжжуд намазы, тахятул масжид, ишрақ, дұха, әууәбин, истихара, тәсбих намаздары нәпiл намаздарының қатарына жатады. Парыз және уәжiп намаздарынан қарызы жоқ адамның нәпiл ғибадаттарына да сауап берiледi.

Пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам: «Аллаһу та’ала құлдарына күнде бес уақыт намаз оқуларын әмiр еттi. Дұрыс дәрет алып, намазды уақытында оқыған, руку мен сәжделерiн толық орындаған пенделердің күнәларын Аллаһу та’ала кешiредi»- деп айтқан.

Бес уақыт намаз 40 рәкаттан тұрады. Бұлардың 17-сі парыз, 3-і уәжiп, 20 рәкаты сүннет. Олар мына төмендегiдей:

1.       Таң намазы: 4 рәкат. Алдымен екi рәкат сүннетi, кейiн екi рәкат парызы оқылады. Бұл екi рәкат сүннет ең қуатты сүннет болып саналады. Тiптi мұны уәжiп дегендер де бар.

2.       Бесiн намазы: 10 рәкат (4 рәкат алғы сүннет, 4 рәкат парыз, 2 рәкат  соңғы сүннет).

3.       Екiнтi намазы: 8 рәкат (4 рәкат сүннет, 4 рәкат парыз.)

4.       Ақшам намазы: 5 рәкат (3 рәкат парыз, 2 рәкат сүннет.)

5.       Құптан намазы: 13 рәкат (4 рәкат алғы сүннет, 4 рәкат парыз, 2 рәкат соңғы сүннет, 3 рәкат үтiр намазы).