Untitled Document

Сұхбат... Мен бүгін оразамын!

Отыз жыл бойы ораза ұстаған бір адам құдық басына келiп, су алу үшiн кезекке тұрады. Ол кісі кезек қанша үлкен болса да, таласып-тармаспай сабыр сақтап тұрғанда, кезектiң соңғы жағынан бiреу айқайға басып:

— Мен бүгiн оразамын! Кезек берiңдер! Қарным ашты, шөлдедiм, — деп шу шығарады.

Әлгi айқайшы әр адамға соны айтып, бiртiндеп алға жақындай бередi. Отыз жыл бойы ораза ұстаған кiсi басында мән бермей тұрғанмен, бiр кезде шыдамы таусылып:

— Әй, бауырым, егер ораза тұтқанға жол беру керек болса, онда кезекті отыз жыл бойы ораза тұтқан мен бiрiншi алуым керек емес пе? Сен неге бiр күн тұттым деп, елдi қырып кете жаздап тұрсың?! — деп ашуланыпты.
Сонда әлгi кiсi қарқылдап күлiп жiберiп:

— Мен шайтанмын. Саған отыз жыл бойы сөзiм өтпеп едi. Ендi мiне, оразаңды мiндет қылып, бар сауабыңнан айырылдың. Маған да керегi осы едi, — деп көзден ғайып болыпты.

Ораза неге бұзылды?

Әулие құлдардың оразасы астан тыйылумен ғана шектелмеген. Олар ауыз бекіткенде бойды барлық жаман қылықтардан аулақ ұстап, рухани тазалыққа көп көңіл бөлген. Жаратушы иенің разылығын мақсат тұтқандықтан, жыл он екі айдың барлығын Рамазан айындай құрметтеп, үнемі ораза ұстаған. 

Ауыз бекіткен бір күні қасындағылар Үндістанның патшасын сырттай өсекке таңды. Сонда ораза тұтқан әулиелердің бірі: «Қап, оразамды бұзып алғанымды қарашы» деп өкініш білдірді. 

Әулиенің бұл тосын қылығына қасындағылар «Айтылған өсек оразаны бұзатынын меңзедіңіз бе, алайда өсекті сіз емес басқалар айтқан жоқ па?» деп таңырқағанда, ол:

«Ғайбат – айтушыға да, тыңдаушыға да ортақ» деген хадиспен жауап берді.