Untitled Document

Сұхбат... Ауызашар (ифтар) берудің сауабы

Хадис шәрифте: «Рамазанда бір қонаққа ауызашар берген адамға Сырат көпірін өту оңай қылынады» делінген (Уәсиләт-ун-нажат).

Ораза тұтқан кісіге бір құрма немесе бір кесе сүт берген адам да ауызашар бергендей сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз: «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтқан кісіге ауызашар берсе, күнәлары кешіріледі. Ораза тұтқан кісінің сауабына тең сауап оған да беріледі» дегенде, сахабалардың кейбірлері бір адамға да ауызашар беретін мүмкіндіктері жоқтығын айтты. Оларға жауап ретінде: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз ашқызған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады» деді (Бәйһақи).

Тағы бір хадис шәрифте: «Рамазан айында ораза тұтқан адамға сумен ауыз ашқызған кісі анадан туғандай күнәсіз болады» дегенде, сахабалар «су табылмай, қымбаттаған кезде ме?» деп сұрады. Жауапта: «Қаласа өзеннің жағасында берсін, бәрібір» деді (Уәсиләт-ун-нажат).

 «Аллаһу та’ала жұртқа ас берген жомарт құлымен періштелеріне мақтанады» (Имам Ғазали).

«Қонақ дастархан басынан тұрып кеткенше періштелер үй иесіне дұға етеді» (Табарани).

«Жәннатта сондай әдемі сарайлар бар, олар жылы жүзді, жұмсақ мінезді, қонақжайлы және ел ұйықтағанда намаз оқитындар үшін арналған» (Тирмизи).

Достарына ас беріп, дастархан жаю садақа беруден де абзал және сауапты. Хазреті Әли айтады: «Достармен жеген бір наным кедейлерге берген бес нанымнан да қымбат. Достармен жеген ас құлды азат етуден де артық».

«Ол мені қонаққа шақырмаған, мен де шақырмаймын» деп айтпау керек. Қонаққа шақыруда да, баруда да тек Аллаһ ризалығын мақсат ету керек!