Untitled Document

Сұхбат... Қарыз беру

Адамдарға жақсылық жасау, қиыншылыққа тап болған адамға қарыз беру немесе садақа беру өте үлкен сауап болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Садақа үшін он сауап, қарыз беру үшін он сегіз сауап бар» (Табарани)

«Дұғам қабыл болсын, қиыншылығым кетсін деген адам таршылықта қалған адамды қуантсын!» (Ибн Әбиддунийә)

 «Қиямет күні күнәсы көп мұсылман есепке тартылады. Ол адам “менің ешқандай жақсылығым жоқ. Бірақ қызметшіме “кедей болған қарыз адамдарды қинама, қашан қайтаруға жағдайлары болса сол кезде берсін де, тағы сұрап келсе тағы бер, қолдарын бос қайтарма” деп айтатынмын” дейді. Аллаһу та’ала оны кешіріп: “Бүгін сен мұқтажсың. Сен дүниеде құлдарыма жанашырлық таныттың, бүгін біз де саған мейірім етеміз” дейді.» (Бұхари)

Қарызданбауға тырысу керек! Хазреті Лұқман Хаким: «Қарыз жүгінің астында езілгенше, тас тасыған жақсы» деп айтқан. Қарыз адамға мерзім беру де үлкен сауап. Хадис шәрифте: «Қияметтің сұмдығынан құтылғысы келген адам, таршылықта қалған қарыздар адамға мерзім берсін» делінді. (Табарани)

Мұқтаж адамға, қажеттілігі бар адамға қарыз беріледі. Қажеттілігі жоқ, ақшасын қажетсіз жерлеге, харамға жұмсайтын адамға қарыз берілмейді. Қарызын уақытылы қайтара алмаған адам келіп тағы мерзім сұрауы қажет. Кімде кім қайтаратын жағдайы бола тұра қарызын қайтаруды бір сағатқа кешіктірсе зұлымдық еткен болады.

Қарыз алған адам ең бірінші мүмкіндікте қарызын қайтаруға тырысуы керек. Сауда-саттықтағы бөліп төлейтін төлемдерді де уақытылы қайтару керек. Кешіктіру күнә болады.