Сұхбат... Елші сахабалар
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Худәйбиядан оралғаннан кейін исламның бүкіл әлемге таралуын, адамдардың тозақ азабынан құтылып, шынайы бақытқа қауышқанын қалады. Өйткені ол бүкіл жаратылысқа рақымдылық ретінде жіберілген еді. Сол себептен де айналадағы билеушілерге елшілер жіберіп, исламға шақыруды көздеді. Елші сахабалар:
Мусғаб бин Ұмәйр (радиаллаһу анһ), Мәдинә қаласына. Хижреттен бұрын Меккеден мәдинәлықтарға исламды үйрету үшін жіберілген алғашқы елші.
Амр бин Умая (радиаллаһу анһ), Эфиопия, Нәжәши патшасына жіберілді.
Әл-Ғалау бин әл-Хадрами (радиаллаһу анһ), Бахрейнге, әл-Мәнзир ибн Сәуи патшасына жіберілді.
Абдуллах бин Хузафа (радиаллаһу анһ), Парсы елі, Кисра патшасына.
Дыхйя ибн Халифа (радиаллаһу анһ), Рум империясы, Кайсер Гераклюсқа жіберілді. (Жәбрейіл алейһиссалам кейде пайғамбарымызға уахиді адам бейнесіне еніп әкелетін. Риуаят бойынша, Жәбрейіл алейһиссалам көбіне Дыхйя есімді сахабаның бейнесінде келетін болған).
Хатыб бин Әби Бәлта’а (радиаллаһу анһ), Мысыр, Муқауқисқа.
Сәлит бин Амр (радиаллаһу анһ), Ямама, Һәузә бин Алиға.
Шужа’ бин Уәһб (радиаллаһу анһ), Дамаск, әл-Харис бин Әби Шәмірге.
Муаз бин Жәбәл (радиаллаһу анһ), Йемен халқына, Йемендегі Әһли кітап (кітап иелері: яһудилер мен христиандар) қоғамына исламды үйрету үшін жіберілген.
Харис бин Үмәйр (радиаллаһу анһ), грек патшасына жіберілген. (Шам әкімі Шархабил бин Амр әл-Ғассани тарапынан өлтіріледі. Харис бин Үмәйр пайғамбарымыздың елшілерінен – ең алғашқы әрі соңғы шәхид).