Ғибрат... Дихйаның мұсылман болуы
Жәбрейіл алейһиссалам сүйікті пайғамбарымызға Құран кәрімді алып келерінде көбінесе адам кейіпінде келетін. Сүйікті пайғамбарымыздың Дихйа атты сахабасы бар еді. Ол саудагер болатын. Өте бай, сымбатты және әдемі еді. Жәбрейіл алейһиссалам көбінесе соның кейіпінде келетін. Хазреті Дихйа алғашқы уақыттарда иманға келмеген еді. Шамға барып, саудамен айналысып, көп ақша табатын. Меккеге, Мәдинаға келген кезде сүйікті пайғамбарымызға сыйлықтар алып келетін. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) оның сыйлықтарын қабыл етіп «Ей Дихйа, неткен сымбаттысың, жассың, неткен әдемісің, байсың. Обал емес пе өлгеннен кейін жаһаннамда отта жануың. Ең болмаса бір рет «Лә илаһә иллаллаһ Мухаммадун расулуллаһ» деп айтып, денеңді жаһаннам отынан сақта» дейді.
Дихйа пайғамбарымызды шынымен жақсы көретін. Бірақ еш мұсылман болмайтын, пайғамбарымызды да ренжітпейтін.
«Йа расулаллаһ, бір ойланып көрейін, ол да болып қалар» деген сияқты жылы сөздермен жауап беретін. Біршама уақыттардан кейін Дихйа пайғамбарымызға сыйлықтар әкеліп, былай дейді: «Йа расулаллаһ, Шамға және басқа да Рум елдеріне қаншама рет бардым. Қаншама румдармен, поптармен сөйлестім. Поптардың сөздері бір-біріне сай келмейтінін байқадым. Бір адам әр жерде, әртүрлі сөйлейді. Сөйлеген сөздерінде адалдық, шындық жоқ. Ал сенің ешбір сөзің бір-біріне қайшы келмейді. Үнемі жақсылық, пайдалы нәрселер туралы айтасың. Мен сенің Аллаһтың пайғамбары екеніңе сендім. Мен мұсылман болғым келеді» деп кәлима-и шәһадатты айтып, мұсылман болды. Сүйікті пайғамбарымыз Дихйаның мұсылман болғанына қуанғандығы соншалық, сахабаларына: «Ей сахабаларым! Бүгін Дихйаның құрметіне біздің үйде ас беріледі. Асқа келіңдер!» дейді. Кітаптарда былай жазылған: Сол күні сүйікті пайғамбарымыздың дастарханында үш түрлі тамақ бар еді. Бір етті тамақ, бір сорпа және тәтті тағамдар.