Әңгіме... Жамық атай
Біз Жамық атаның үнемі шаруамен айналысып жүргенін көреміз. Сексеннен асқан жасы бар. Сексенді атағанда көз алдыңа мыжырайған, еңкек тартқан таяқты қарт елестейді. Жоқ, біздің Жәкең тіпті де ондай емес. Шоқша сақалы мен сирек мұрты енді ғана бурылдана бастаған. Тісі бүтін, орта бойлы сергек қарт. Жәкең колхоздың ауыр жүгін көтерген адам. Істемеген жұмысы жоқ. Ұзақ өмірінде еңбек пен мергендікті қатар жүргізді. Аңшылық туралы сөз болғанда көтеріле сөйлейді.
– Көздің алысқа жетпеуі діңкемді құртады. Әйтпесе мергендік деген жақсы ғой! – дейді.
Атай ертеңгісін малын өріске айдап салып, кешке қоралайды. Отын уақтайды, болмаса ер шабады. Жаз қол шалғы сілтеп, пішенді қораға тасиды. Дамылсыз бір адам. Бірде жаңбыр жауып кетіп, сағаттар бойы құйды да тұрды. Көше суға көлкіді. Жаңбырда бір орында отыра беруге ішіміз пысқан соң, жүгіріп Жәкеңдікіне бардық. Қорада пұшпақ бөркін жымқыра киіп атай жүр. Шекпенінің етегінен су тамшылайды.
– Атай, мына нөсерде үйде отырсаңыз болмай ма? – деймін таңданып.
– Үйде отырмай, өздерің неге келдіңдер? – деп сұрады қарт.
– Зерігіп кеттік.
– Әне, сонысы бар, – деп, Жәкең қорада жиналған жауын суын бақырашпен шелекке құйып, сыртқа төге бастады. Маңдайындағы тер моншақтарын сыпырып тастайды.
– Адам қартайып кетпес үшін қарап отырмау керек. Еңбек деген жақсы ғой! – деп күңкілдеп сөйлеп жүр.