Қалайсың балам, саумысың жаным өркенім.
Жұмысың қалай, жақсы ма келін көркемім.
Немерем калай, келсейші бір кез ерітіп.
Сүйейін, иіскеп, маңдайын тәтті еркенің.
Білемін күнім, тіршілік күйгін бітпейді.
Жұмыссыз сені ешкімде бағып күтпейді.
Кедергі болып қайтемін саған құлыным.
Бір мәрте келші, кел демеймін көп мейлі.
Денсаулық жақсы, ойлама балам жан тәуір.
Жөтеліп қоям, қысады кейде қан тамыр.
Айтқандай келін береді дәрі- дәрмек.
Қарттық-қой балам, сен аман бол әйтеуір
Немерем қалай, тынышпа түнгі ұйқысы.
Сүйгізбеуші едің, жұғар деп бетке күс-күсі.
Түндерде келіп,ертегі айтшы-деуші еді.
Не қылсын бірақ, кәрінің ескі-құсқысын.
Суымыз жылы, аз емес берер тамағы.
Бәрі де қарттар, ағарған шашы, қабағы.
Жалғыздық шегіп отыр-деп балам ойлама.
Шертеміз сырды еске алып күнді баяғы.
Қонаққа барсам, үйіңде бәлкім тар болар.
Қолайсыз жерде кәрілік маған ар болар.
Тұрғын-ғып тіркеп, шығынға түспе қарағым.
Төлемей қалсаң, үйіңнен сені заң қуар.
|
Айлығын білем, жетпейді қара басыңа.
Қысылтаяңда болмайын ортақ асыңа.
Барсаңыз ұнар-деп едің жанды жұбатып.
Қарттардың үйі сай екен менің жасыма.
Көлігің қалай, жаңалау, биік, кең іші.
Мінбеген үшін, саған жоқ менің ренішім.
Дұрыс-қой балам сақтанып жатсаң кәріден.
Бүлдіріп бәлкім, сіңеді кәрі иісі.
Уақытты алып салмайын сені әуреге.
Көңілді бөліп қайтесің балам әрнеге.
Соңғы да болса айтайын саған өсиет.
Сұраусыз,атсыз қалмасын құрғыр бұл дене.
Разымын саған, тағдырға менің налам жоқ.
Сырласым жалғыз, ақ парақ, қара қалам боп.
Көрініп жатса қағазға тамған жастарым.
Сағынған сені сезімді тияр шамам жоқ.
Жер бетінін қай ұшын басып жүрсеңде.
Қаласың әр-кез өзімнен туған балам боп.
Байлепесов Жанаберген.
|