Мақала... Ішімдіктің елдегі зарары
Елдегі ерлердің алкогольге тәуелділігі 9,52 пайыз болса, әйелдерде 1,48 пайызды құрайды. Арақ өндірісі біздің елде өткен жылы 60,3 пайызға артқан. Ащы суға ақша жұмсаудан да біздің ел көш бастап тұр
Журналист марқұм Бейсен Құранбек: «Маскүнемдік деген: Ата-ана үшін ақталмаған үміт, жар үшін – жылаумен өткен ғұмыр, балалар үшін – бақытсыз балалық шақ, достар үшін – адасқан тағдыр, қоғам үшін – жоғалған адам. Не істеу керек, ішпеу керек», - деген еді. Ащы болса да, бұл шындық. Наркологтардың зерттеуінше, балалар 8-10 жасында еліктеп, қызығып ішімдіктің «дәмін» татып көре бастайды екен. Ал әлеуметтік зерттеулердің деректерінде: 13-15 жастағы ер балалардың 75 пайызы, қыздардың 40 пайызы сырадан бастап, шарап, араққа дейінгі ішімдіктерді ішіп көрген. 18-20 жастағылардың 90 пайызы алкогольдің дәмін татып көріпті.
ДДСҰ зерттеуіне сәйкес, 15 жастан асқан адамдар арасында алкогольді тұтыну деңгейі ерлер үшін жылына 25 литр, әйелдер үшін - 9 литр. Мысалы, жол-көлік оқиғалары, түрлі төбелес, жарақаттар, зорлық-зомбылық, улану, суға кету және т.б. көбіне алкогольді ішімдіктерді пайдаланудың кесірінен болады.
Сондай-ақ, мас күйінде қылмыс жасайтындардың да қатары артқан. Мәселен, 2021ж ішімдік ішіп, салдарынан 9 200-ге жуық адам қылмыс жасаған. Ал 2020 жылы 11 мыңнан астам адам ащы суға сылқия тойып, құқық бұзушылық әрекетке барған. БҰҰ мәліметі бойынша алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің арасында Қазақстан ондықтың қатарында.