Untitled Document

Әңгіме... Айналаңа айлалы емес, пайдалы адам жина

Айлалы адам қара басының қамы үшін әрдайым сенен айласын асырғысы келіп отырады. Сенің абыройыңды ойлап бас қатырмайды. Пайдалы адам жайқалған гүл секілді, қасыңда жүрсе жұпарын шашып, абыройыңды асырып жүреді.

Ертеректе патшаның ақылды уәзірі болыпты. Сол уәзір ел ішіндегі жағдайы төмен, мұқтаж жандарға қазынадан қарыз береді екен. Қарыз бергенде патша өлген соң қайтарасың деп, қол қойдырып алады екен.

Алайда уәзірді көре алмайтын дұшпандары оның бұл әрекетін патшаға жамандайды. Патшаға сіздің уәзіріңіз қазынаңыздағы қаржыны түгі жоқ кедейлерге таратып жатыр, ол аздай патша өлгенде қайтарасың деп айтады екен.
Ол сіздің өлуіңізді қалайды. Сіз дүниеден өткен соң сол қаржыларды өзі жинап алмақ деп жамандайды. Патша айтылған әңгімелерге сеніп, уәзірді жазаламақ болады. Тіпті өлім жазасына да кесетінін айтады. Сөйтіп уәзірді шақырып, естіген мәселе жайында сұрайды. Уәзір расында да солай қарыз бергенін, патша өлген соң қарызды қайтарасың деп келіскенін де жасырмай айтады.

Мұны естіген патша қаһарына мініп, уәзірді өлім жазасына кеседі. Сонда уәзірі дат сұрап, не үшін олай жасайтынын айтқысы келеді. Патша уәзірдің соңғы тілегін тыңдауды жөн санап, сөз береді.

Уәзір патшаға қарап: «Мәртебелі патшам. Мен сіздің қазынаңыздан кедейлерге қарыз бергенде патша өлгенде қайтарасың деп келісетін себебім, олардың қайтаратын шамасының жоқ екенін білемін. Қайтара да алмайтынына көзім жетеді. Бірақ олар алған қарыздарын қайтара алмай қиналғандықтан үнемі Жаратқаннан «Я, Раббым! Патша өлмесе екен» деп сіздің тілеуіңізді, өміріңізді тілейтін болады», - дейді. Мұны естіген патша, уәзіріне дән риза болып, кешірімін береді.

Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сіз де садақа беріңіз, өзгелер де Аллаһтан сіздің тілеуіңізді тілесін.

Г.Амалбекова