Untitled Document

Әңгіме... Соңғы аялдама (Әзіл әңгіме)

Тоқсаныншы жылдардың басы болса керек. Тоғызыншы классты бітірген Медет досымның өзінен кейінгі қарындасы Алматыдағы Мед училищеге түскен жыл. Бір орысы жоқ қазақы ауылда өскен қаршадай қызға, қаланың тілін меңгеруде оңай болмапты.

Сабаққа нағашымның үйінен қатынаймын. Алғашқыда автобуспен нағашымның өзі апарып жүріп, жол көрсетті. Үймен сабақтың арасы он аялдама. Әр аялдама мен үшін детский травма, шатасып қалмау керек.Бір аялдаманы жіберіп алсаң болды Алматыдан өмір бақи табылмайтындай көрінесің. Әке шешеңнің көк жәшіктен; “ЖДИ МЕНЯ” көріп жылап отырғаны көз алдыңа елестейді. Таңертең училищеге қатынайтын жалғыз автобусқа мінудің өзі бір машақат, жан алысып, жан берісесің. Бір концервіге, екі килкидің шпротын салғандай боп барасың.
Түрлі қолтықтардан шыққан иістің неше атасы. Жұпандыралардың жұпар иісінен, тамағына қылтық қадалған мысықтай, лоқсып барасың. Құдайға шүкір әйтеуір автобусқа аяқ киіміңді шешіп кіргізбейді. Жылаған бала, жұбатқан ана. Жөтелген кемпір, түшкірген шал. Жұтынған аға, асыққан бала. Әйтеуір құдай салмасын барам дегенше көріністің түрлі атасын көресің. Ол заманда, аман-есен барғаныңның өзі бір олжа.

Бірде автобустың артқы есігінен мініп, терезенің жақтауындағы бос орынға отырып, мызғып кетіппін-дейді қарындасым. Көзімді ашсам, мен түсетін соңғы аялдамадан автобус жүріп бара жатыр екен. Өтіп кетсең өліп қалатындай шошисың.
Қорыққанымнан, жан дауысыммен;”ЗАДНИЦУ ОТКРОЙ”-деп айқайлап жібердім дейді. Артқы есікті аш, түсем деген түрім ғой. Жұрт не істерін білмей аң-таң.
Даусымның қатты шыққаны сондай, автобустың терезесі шытынап кете жаздады, ішіндегі жүз жиырма сегіз адамның бәрі маған қарады, шопыр байғұс шошығанынан ручникті қос қолымен тартты-ау, көне автобустың орнында қадалғаны сондай, колодканың иісі мүңк ете қалды -дейді.

Ашылған артқы есіктен шығып бара жатып шопырға рахмет деудің орнына “МОЛОДЕЦ”-деп қоям.

М.Сқақов