Денсаулық... Құлақ шуылдауының 7 түрлі қауіпті себебі (1)
Әдетте құлақ шуылдаса көпшілігіміз оны қалыпты құбылыс санап, елемей қоя саламыз. Бұл дұрыс емес екен. Отоларингологтар құлақ шуылдауының бірнеше себебі бар дейді. Әсіресе құлақтағы шу үнемі ұйқы алдында қайталанатын болса немесе ол бірнеше күнге созылса, бас айналуына ұласса, онда ойлануға тура келеді.
1. Артериалдық қысымның артуы. Егер құлақ шуылы көбіне ұйқы алдында сезілетін болса, ол аздап бас айналғандай сезім тудырса, бұл жүрек ауруының белгісі болуы мүмкін. Құлақтағы шуыл басталғанда көз алды қарауытуы, кеуде тұсының ауырсынуы инсульт қаупі барын білдіреді. Мұндайда қалыпты кездегі және құлақ шуылдап тұрған сәттегі қан қысымын өлшеңіз. Болмашы айырмашылық сезілсе де бұл жайында кардиологқа хабарлағаныңыз жөн. Жүрек қызметін тексертіп, тиісті ем алыңыз.
2. Ми тамырларындағы атеросклероз. Атеросклероз кезінде тамырлар созылғыштығын жоғалтады. Мұндайда қан қозғалысына қарай кейбір тұстарда кептеліс сезілуі мүмкін. Ол бастағы есту қабілетін реттейтін жүйке талшықтары қысады да, содан құлақта шу туындайды. Кейде ол дене қызуы көтерілгенде, ағзаға физикалық салмақ түскенде, ортаңғы құлақ суықтағанда да шуылдайды. Бұл жағдайлардан тыс кездегі жиі байқалатын құлақ шуылы невропатологқа көріну керектігін білдіреді.
3. Отит. Құлақ суықтағанда да шуылдайды. Отит белгісінде онда қызару, ысу, ұстағанда ауырсыну, естудің нашарлауы байқалады. Асқынса іріңдеуі де мүмкін. Әдетте отит шомылғанда құлақ қуысына су кіруінен, оны тазалағанда жарақаттап алу салдарынан болады. Респираторлық вирус та отитті туындатуы мүмкін. Отоларингологтан ем алу керек.