Untitled Document

Күннің тарихы... Ұстаздар күні!

Қазір әлем бойынша ұстаздар күні жүзден астам елде аталып өтеді. БҰҰ бұл күні мынадай нәрселерге жете назар аударып, қатты ойлануға шақырады: сіздің өміріңізді жақсы бағытқа өзгерткен ұстаздарыңыз туралы; білім саласы қызметкерлері үшін бөлінетін бюджет мөлшері туралы; мұғалімдер алаңсыз жұмыс жасау үшін жағдайды жақсарту; ардагер ұстаздар үшін зейнетке шығу жасын төмендету; мұғалімдер өз қызметінде алатын моралдық-психологиялық қысымды азайту және т.б. Италия мемлекеті кемінде 12 жыл мұғалім болған азаматтарын «психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген желеумен өте жауапты шаруалардан босатқан көрінеді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де Қазақстан, Әзірбайжан, Белорусь, Қырғызстан, Латвия және Украина елдері бұл мерекені қазан айының алғашқы жексенбісінде тойлап жүр. 1994 жылдан бастап Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Армения және Эстония 5 қазанға көшті. Өзбекстан 1 қазанды демалыс күні деп жариялап, өз ұстаздарына басыбайлы берді. БҰҰ шешіміне пысқырып та қарамай, өз білгендерімен жүретін елдер де баршылық. Мысалы, Австралия қазан айының соңғы жұма күні, Албания 8 наурыз, Аргентина 11 қыркүйек, Бразилия 15 қазан, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Солтүстік Корея 9 мамыр, Оңтүстік Корея 15 мамыр, Қытай 10 қыркүйек, Польша 14 қазан, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Түркия 24 қараша күндерін белгілеген. Әрбір елдің жанына жақын, өздері үшін құрметті тұлға немесе белгілі бір оқиғаға арналған себептері бар.

Мағжан Жұмабаев: «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. «Темір канцлер» атанған Отто фон Бисмарк «Мектеп салуға ақша аяған мемлекет түрме салуға мәжбүр болады» депті. Оған «Мектептің жүрегі – мұғалім» деген Ыбырай ұстаздың айтқанын қосыңыз. Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда ақ бәрін айтып тастапты.