Untitled Document

Ғұлама... Имам Әбу Мансур Матуриди

Ол - әһли сүннеттің имандағы имамдарының бірі. Самарқанға қарайтын Матурид аймағында дүниеге келген. Хижраның 333 жылында (м.944) Самарқанда қайтыс болды.

Әбу Мансур Матуриди Имам Ағзам Әбу Ханифадан жеткен иман білімдерін жинап, өзінен кейінгілерге жеткізген. Имам Ағзам Әбу Ханифа сахабалардан үйренген иман ілімдерін шәкірттеріне үйреткен. Танымал шәкірті Имам Мұхаммед Шайбани тәрбиелеген Әбу Бәкір Жүржани кәлам-иман ілімінде әлемге танылды. Оның шәкірті Әбу Насыр Ияд Әбу Мансур Матуридиді жетілдірді. Әбу Мансур Матуриди әһли сүннеттің ақида саласында мүжтаһид болған.

Әбу Мансур Матуриди Аббаси мемлекеті әлсіреп, әр түрлі сенімдік топтар арасында күрестер көбейе бастаған тұста өмір сүрген. Әһли сүннет сенімін қолдап, оны анық түрде түсіндіріп, таратқан. Мұсылмандардың осы дұрыс сенімді ұстануларын қамтамасыз еткен. Имам Ағзам Әбу Ханифаның “Фикһи әкбар”, “әр-Рисала”, “әл-фикһ-ул-Әбсат” атты кітаптарында көрсетілген иман-сенім мәліметтерін ақылдық және нақылдық дәлелдермен ашып түсіндірген.

Өмірін ғылымға және әһли сүннет ақидасын таратуға, шәкірт жетілдіруге арнаған Имам Матуриди ақида, фиқһ мәселелерін қамтитын және сол дәуірдегі адасқан ағымдағылардың сөздерінің қате екендігін дәлелдейтін көптеген еңбектерін жазып қалдырған. Солардың бірқатар: «Китабут-тәуһид», «Тәуилатул-Қуран», «Рәдду әуаилил-әдиллә лилқаби уә бәйану уәһмил-мутазила», «Рәдду ала усулил Карамита», «Китабул мақалат фил-кәлам», «Мәхазул-шәриа» және т.б.