Untitled Document

Сұхбат... Мәуліт түні

Әлемдегі барлық адамдарға пайғамбар ретінде жіберілген, пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) 571 жылы сәуірдің 20-на сай келген Рабиул-әууәл айының 12-сі, дүйсенбі күні түнде, таңға жақын Меккеде дүниеге келді. Әр үмбетке өз пайғамбарының туылған күні мереке болып есептеледі. Бұл күн де мұсылмандардың мерекесі. Қуаныш пен шаттық күні. Әлемдегі мұсылмандар тарапынан жыл сайын бұл түн «Мәуліт түні» ретінде тойланады, барлық жерде мәуліт қасидасы, өлеңдері оқылып, Расулуллаһ еске алынады. Мәуліт – туылған сәт дегенді білдіреді.

Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын. Хазіреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған кезде сахабаларды жинап, Расулуллаһ туылған кездегі ғажайып оқиғалар туралы айтатын. Бұл түні пайғамбарымыз туылған кезде байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты амалға жатады. Пайғамбарымызды мадақтайтын түрлі мәуліт қасидалары бар. «Мәуліт оқу» – пайғамбардың дүниеге келуін, миғражы мен өмірі туралы айту, оны еске түсіру, оны мадақтау дегенді білдіреді.

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Мені әке-шешесінен, бала-шағасынан және барлық адамнан артық жақсы көрмеген адам шынайы иман келтірген бола алмайды».

«Бір нәрсені қатты жақсы көрген адам, әрине, оны көп есіне алады».

«Пайғамбарларды еске түсіру ғибадат болып саналады».

Ислам ғалымдары мәуліт түніне аса мән берген. Хазреті Мәулана «Мәуліт оқылған жерден бәле-жала кетеді» деген.

 «Аллаһу та’ала бір адамға ақындық және жазу өнерін нәсіп етсе, Расулуллаһты мақтасын, дұшпандарын жамандасын» деген хадис шәрифке мойынсұнып, ғасырлар бойы мәуліт кітаптары жазылып, оқылып келген.