Untitled Document

Әулиелер кереметі... Қалқай ишан

Қалқай ишан Марал ишнанның үлкен ұлы. Әкесінен тағылым алып, кейін Бухара мен Бағдатқа барып медреселерден білім алған. 1815-1870 жылдары өмір сүрген. Шоқан Уәлихановтың да есімін қойып берген осы кісі болатын.

Шоқан туылғанда Баланы қолына алып жақсыға балап есімін Мұхаммед-Ханафия деп қойыпты. Кейін тілі келмегендер «Қанаш», «Шоқан» деп атап кетіпті. Әулиеге риза болған үй иелері Қалқайдың үстіне жанат ішіп жапса, Шыңғыс сұлтан Стамбулдың қалы кілемін жауып, көк жорғасын атапты.

Сонда Қалқай:

– Жанат ішік Қалқайдың бүйірін жылытсын.

Қалы кілем Құдайдың  үйіне бұйырсын.

Көк жорға үш жүздің бәйгесіне мінілсін, - деп бата беріпті.

Артынан, көк жорғаны қимаған Шыңғыс, орнына бір уыс жүз сомдық ақшаны санамай беріп, атты өзі алып қапты.

Мұны естіген Қалқай:

– Әттеген-ай! Бекер жасаған екен. Атағанын беруі керек еді ғой! «Жақсы ат – жан садағасы, жан деген ар садағасы» демеуші ме еді, атаған затты қимағаны болмаған екен, өміріне ілік болмаса болар еді,–деген екен. «Шоқанның өмірден жастай өтуі осы «ілік» шығар, бәлкім!- дейді көнекөздер.

Зиярат етіп болып, қайтайын деп жатқанымызда шырақшы Бекболат Ералиев қазіргі таңда дәстүрлі исламды ата жауындай көретін, әулиелердің жолын жоққа шығаратын діндарсымақтарды сынап өтті.

«Мұндайлар еліміздің рухани жаңғыруын қаламайтындар. Олардың сөзіне еріп, жүрекке күмәннің көлеңкесін түсірмеу керек. Бірде Қалқай ишанды

«Сыбағаңызды жеңіз» деп қонаққа шақырыпты. Сонда ата салтымен ишан үй толы адамдарға ет асатыпты. Тек бір жігіт «тойып тұрмын» деп келмепті. «Кел, аса!» деп әулие үш айтса да әлгі жігіт қасарысып «тойып тұрмын» дегенінен жазбапты. Бейәдеп қылған жігітке реніштен Қалқай ишан: «Әй, тойып қаларсың!»-депті. Сол жігіт дүниеден ұрпақсыз өткен екен. Сондықтан Құдайдың сүйікті құлдары әулиелерге көзі тірісінде де, дүниеден озғаннан кейін де бейәдеп қылық жасамай құрмет көрсетсек, жанымызға жылылық ұялап, елімізде береке орнайды»,–дейді Бекболат Ералиев.

Д.Омаров