Жалғасы... Самуд қауымы (2)
Салих алейһиссалам олардан Аллаһтың қалауымен сол жартастан сұраған түйелерін шығарған жағдайда өзіне иман ететіндігі жайында уәде берулерін және ант ішулерін талап етеді. Олар да уәделерінде тұратыны жайында ант ішеді. Салих алейһиссалам әуелі намаз оқып, Аллаһу та’алаға дұға етеді. Жаратқанның құдіретімен жартас жарылып, ішінен буаз әрі аш түйе шығады. Алайда сондай таңғажайып көріністі керсе де, самудтықтар берген уәделерінен айнып, иман етпей қояды.
Самуд қауымы Салихтің дағуатын қабыл еткісі келмей, уақыт өткен сайын оған деген өшпенділіктері артып, түйені өлтіруді ойластырады. Аллаһу та’ала олардың арам ойларын Салихқа білдіреді. Салих қанша ескерткенімен оның айтқан сөздерін тыңдамай мазақ етеді. Бір күні сәтін тауып азғындар түйені бауыздап тастайды.
Салих алейһиссалам олардың істеген істерін көріп жылайды да, былай дейді: «Үйлеріңде үш күн рахат көріп алыңдар, бұл жалған уәде емес». Нәтижеде үш күннен кейін ескертілген апат келді. Құрани кәримде:
«Залымдарға бір ашты айғай естілді де, олар лезде серейіп қатып қалды. Олар мұнда тіршілік кешпеген сияқты болып қалды. Біліп қойыңдар, самуд елі Раббыларына қарсы болды. Самудтықтар құрыды».
Бұл апаттан тек Салих пайғамбар мен өзіне иман еткен азғантай адам ғана құтылады.