Сіз білесіз бе? Самуд қауымы (1)
Самуд қауымы да араб тайпаларының бірі еді. Олар араб түбегінің солтүстік аймағында, яғни Сирияға жақын маңда өмір сүрген тайпа. Арғы аталары Ад қауымынан тараған деген дерек бар. Самуд қауымы Ад қауымынан кейін Аллаһқа күпірлік еткен, пұтқа табынған қауым. Дінсіздікке бой алдырып, азғындыққа белшеден батады. Ад қауымы секілді сарайлар салып, тауларды үңгіп қазып, баспана етеді.
Салих алейһиссалам Самуд қауымын Аллаһқа иман келтіруге шақыруын жалғастыра береді. Самуд қауымының бір мерекесі болатын. Сол күні пұттарын қала сыртына алып шығып мерекелейтін еді. Аталмыш мереке күні қарсаңында олар Салихқа былай деп ұсыныс тастайды: «Ей, Салих. Біз мерекемізді тойлайтын уақытта сен де бізбен бірге кел. Бізге пайғамбар екеніңді дәлелдейтін керемет көрсет. Сен өз құдайыңа жалбарын, бізде өз құдайларымызға жалбарынып, дұға етейік. Егер сенің құдайың дұғаңды қабыл етсе, саған иман етеміз. Ал егер біздің құдайларымыз біздің дұға тілектерімізді қабыл етсе, онда сен бізге ересің», - деді. Салих пайғамбар олардың айтқан ұсыныстарын қабыл етеді.
Салих алейһиссалам аталмыш мерекеде жерлестерімен бірге қала сыртына шығады. Қауымы пұттан жасаған өз құдайларына жалбарынғанымен ештеңеде болмайды. Самуд қауымының көсемі Салихқа: «Ей, Салих. Мынау тұрған жартастан бізге түйе шығаршы. Егер соны жасай алсаң, саған сенеміз», - дейді.
жалғасы ертең...