Сіз білесіз бе? Ыстық күннен қалай қорғанамыз.
Сиеста немесе бір мызғып алу. Hola! Испан күнінің астында қалып қойсаңыз, жергілікті тұрғындармен бірге испан сиестасы дәстүрінің рахатын көріңіз. Сиеста — кейбір елде, әсіресе климаты ыстық мемлекеттерде дәстүр болып саналатын түстен кейінгі ұйқы. “Қызықтан құр қалып қоямын” деп алаңдамай, бір мызғып алыңыз. Испаниялықтардың өмір темпімен бәріне үлгересіз!
Сергітетін әрі пайдалы жеміс. АҚШ тұрғындары арасында кеңінен тараған трендті білесіз бе? Мұздатылған тәтті жүзім жеу — жаздың ыстық күнінде сергуге көмектесетін ең тиімді әдістің бірі. Жаңа піскен жеміс-жидекті тоңазытқышқа салып қойсаңыз болғаны, бірнеше сағаттан соң тіл үйіретін тәтті дайын болады. Жүзім көп сұйыққа ғана емес, қорек заттарға, антиоксиданттарға, жасушалар мен дәрумендерге бай.
Ащы әрі ыстық тағам жеу. Үндістан мен Қытай тұрғындары ыстық күнде де ащы әрі ыстық тағамнан бас тартпайды. Неге дейсіз бе? Себебі ыстық әрі ащы тағам адам ағзасын салқындатады. Оған қоса дәмдеуіштер адам температурасын көтеріп, сырттағы температурамен бірдей қалыпта етеді.
Дұрыс киіну. Біріккен Араб Әмірліктері сияқты климаты ыстық елдерде дұрыс киіну — маңызды нәрсе. Үстіңіздегі киім мақта немесе зығыр сияқты табиғи матадан жасалған болғаны жөн, себебі адам денесі мен мұндай мата арасында күн сәулесінен қорғайтын ауа қабаты болады. Оған қоса баскиім киіп жүріңіз.
Су көп ішіңіз. Аптап ыстықта адам ағзасындағы су балансы дұрыс болуы керек. Сол себепті Италия тұрғындары сияқты суды күнделікті қажет мөлшерінде ішкен жөн.
Осы қарапайым лайфхактар арқылы аптап ыстықтан қорғанып, рахаттанып, демала аласыз. Жазғы демалысыңыз жақсы өтсін!