Сұхбат... Соңғы сәтімізді ойлау
Үлкен ғалым Сәйид Абдулхаким бин Мұстафа Эфенди «рахметуллаһи та'ала алейһ» Сефер-и Ахирет атты жолдауында былай дейді:
«Иманды, ақылды, балиғат жасына толған ерлер мен әйелдерге мүкәлләф делінеді. Мүкәлләф Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарына жауапты. Мүкәлләф болғандарға өмірдің соңын (өлім сәтін) көп ойлаулары сүннет. Өйткені өлімді көп ойлау, әмірлерді орындап күнәлардан сақтануға себеп болады. Харам жасауға деген құлшынысты бұзады. Пайғамбарымыз “сәллаллаһу алейһи уәсәлләм” «Ләззат дәмін бұзатын, ойын-сауыққа нүкте қоятын өлімді көп ойлаңдар, (Өлімді көп ойлау, ең үлкен насихат) деген». Өлім, жоқ болу емес, бір бөлмеден екінші бөлмеге өту деген сөз. Тағы бір хадис шәрифте: «Адамдар ұйқыда, өлгеннен соң оянады» делінген.
Дүние өмірі түс секілді. Өлім оятып, түс біткенде, ақиқат өмір басталады. Мүмин жан тапсырып жатқанда, Жәннаттағы хурилерді көріп, олардың ляззатымен жан тапсыру азабын сезбейді. Рухы, майдан суырған қыл секілді оңай шығады. Ниғметтерге қауышады.
Әр мұсылман, өмірінің соңына дайындалуы қажет. Бұл үшін тәубе ету керек. Құл ақысы астында қалмау керек. Яғни, Хақыларын иелеріне беріп халалдасқан жөн. Аллаһу та’аланың да хақысын өтеу қажет. Бұл хақтардың ең маңыздысы – Исламның бес шартын орындау. Әр мұсылман соңғы тыныс сәтінде қарыздарын қайтарып, аманаттарын иелеріне беріп, дайындалуы және өсиет жазуы уәжіп. Бұларды балаларына және туыстарына жазған жөн».