Оқиға... Шөп жемейтін қой болған ба?
Ертеде бір тақуа ізгі жан біреуге бір қойын сатыпты. Сатып алған кісі біраз уақыттан кейін қойды әкеліп тұрып, әлгі ізгі жанға:
– Қойыңды қайтып ал, себебі шөп жемейді – депті. Тақуа кісі:
– Шөп жемейтінін қайдан шығардың? – деп, сұрағанда, сатып алушы адам:
– Оны маған қатысы жоқ бір егінге жайылуға алып барып едім аузын ашпастан бірде-бір рет шөп жемеді – дейді. Сонда тақуа кісі оған:
– Ей, мырза жаңылыс істепсің! Біліп ал, кісінің еккен егінін жеу біздің қойларымыздың да әдеті емес. Адал тапқан ақшаңа сатып алған шөпті бер! – депті.
Әлгі кісі барып, айтқанындай істеп еді, қой шөп жей бастапты.
Демек, өз заманында мұсылмандардың адал азық мәселесіне көңіл аударған жандардың иелігіндегі малдарына да әсері тиген.
Ризықтың адалын таңдау – өмірдің нұры, көңілдің қуанышы, құлшылықтың рухы әрі жүректің қалби сәлиммен жетуінің ең басты шарты. Харам ризықтар жан-дүниенің күйреуімен өкініштерге апарып соғады. Аллаһу та’ала біздерді адал ризығынан айырмасын! Әмин.
Ғибратты оқиға...Қуған жетпес, бұйырған кетпес!
Бір адам құдыққа түсіп кетеді. Адамдар жабылып жүріп оны құдықтан шығарып алады. Зәресі ұшқан адам сөйлеуге мұршасы келмей қалшылдап: «Құдыққа түсіп кеттім. Құдыққа түсіп кеттім», – дей береді.
Қасындағы бір адам оған ентігін бассын деп бір кесе сүт әкеліп береді. Ол сүтті ішіп алып, адамдарға құдыққа қалай түскенін әңгімелей бастайды. Қалай құлағанын көрсетейін деп құдықтың шетіне келе бергенде аяғы тайып кетіп, қайтадан құдыққа құлап мерт болады.
Адамдар болған жайтты бір ғалымға айтып бергенде, ол: «Е-е-е, бірінші құлағанда оның дүниеде бір кесе несібесі қалып қойған екен ғой. Соны ішкеннен кейін ризық-несібесі тәмамдалып, қайта құдыққа түсіп қаза болды», – деп түсіндіріпті.
«Қуған жетпес, бұйырған кетпес» деген осы!