Untitled Document

Жалғасы... Мұсылманның қорқуы керек болған жайттары (2)

Шайтанның амалдарымызды бұзуынан қорқу. Шайтандар бізге күнә істетумен шектеліп қалмайды, жасаған ғибадаттарымызды да бұзуға, жоюға тырысады. Жасаған амалдарымызды бізге ұнатқызып, осылайша бізді тәкәппарлыққа, менмендікке итермелеп, сауаптарымызды өшіруге тырысады.

Әзрейіл алейһиссаламның рухымызды кенеттен алуынан қорқу. Адам қашан өлетінін білмейді, кез келген сәтте өлуі мүмкін. Сондай күн келеді, ол күннің қалай батқанын көре алмаймыз. Немесе сондай бір түн келеді, таңның атқанын көре алмаймыз. Ертеңгі күнді аман-сау қарсы алатынына ешкім сенімді емес. Жол апаты, жүрек ұстап қалуы сияқты себептермен адам өмірімен қоштасуы мүмкін. Ертеңгі өмірімізге сенімді емес екенбіз, олай болса әрдайым өлімге дайын болып жүруіміз қажет.

Дүниенің бізді алдауынан қорқу. Бүкіл жамандықтардың басы – дүниені және ондағыларды жақсы көру. Тәкәппарлық, көре алмаушылық, кек сақтаушылық, дұшпандық, біреуді алдау, өтірік айту, біреуді қорлау сияқты үлкен күнәлардың бәрі осыдан туындайды.

Ғибрат...Аманат

Пайғамбарымыздың хайбар соғысында жеңіске жеткен кезеңде алдына жүз шақты қой айдаған бір қойшы келеді. Пайғамбарымызға келіп: «Ей Аллаһтың пайғамбары! Мен мұсылман болғым келеді, мына қойларды ислам әскеріне бергім келеді» дейді. Пайғамбарымыз: «Мұсылман бола аласың әрине, сені осы сәттен бастап қабыл етеміз, біздің бауырымыз боласың. Мына қойлар кімдікі?» деп сұрайды. Әлгі кісі: «Хайбардағы бір байдың қойлары» дейді. Расулуллаһ: «Сен оның қойшысымысың?» деді. Ол «иә» дегенінде пайғамбарымыз: «Демек, бұл қойларды ол саған аманат қылып тапсырған болды ғой. Сен алдымен бұл қойларды иесіне тапсыр! Содан кейін бізге келіп қосыл» деді.