Untitled Document

Жалғасы... Әскерлер өмірін сақтап қалған көгершін (2)

Көп ұзамай кішкентай қателіктен үлкен зардап шекті. Одақтастар қоршауда қалған сарбаздарды жауға балап, артиллериямен атқылай бастады. Нәтижесінде, 77-ші жаяу әскер дивизиясы құрамының жартысы қаза тапты.

Жағдайды дереу түсінген америкалықтар штабқа бекінген жерлерінің координаттары түзетіліп жазылған хабарламаны жіберуге шешім қабылдады. Сол мақсатта тағы екі көгершінді жіберді. Бірақ, немістер де істің мәнісін ұққандай еді. Одақтастардың бірін-бірі түсінбей, өз-өздерін қырып жатқаны олар үшін орайлы мүмкіндік екені анық. Ажал құрсауында қалған сарбаздардың соңғы үміті Шер Ами есімді көгершінде еді. Бұл құс бұған дейін оннан астам ұшуды сәтті жүзеге асырған болатын.

Шер Ами аспанға көтеріле сала, немістер оқты қарша боратты. Мұндайда оқтан сытылу неғайбыл еді. Үш оқ көгершінге дөп тиді. Бір оқ кеудесіне, екінші оқ аяғына, үшінші оқ көзіне тиді. Алайда, беймәлім керемет күштің арқасында Шер Ами ұшуын жалғастыра алды. Неміс шебінен ұшып шығып, 25 минутта 40 шақырымды бағындырып, штабқа хабарламаны жеткізді. Оның аяғына байланған хабарламада «Біз жол бойында орналасқанбыз. Биіктігі 276,4. Артиллерия соққыны бізге беруде. Құдай үшін атуды тоқтатыңыздар!» деп жазылған еді. Көгершін өз міндетін тағы да ойдағыдай атқарды. Ал, бірнеше сағаттан кейін артиллерия атқылауын доғарды. Көп ұзамай одақтастар көмекке келіп, қоршауды бұзып, сарбаздарды қауіпсіз аймаққа шығарды. Осылайша, кішкентай ғана көгершін 194 сарбаздың өмірін сақтап қалды.

Бұл кезде госпитальдегі дәрігерлер Шер Амидің өмірі үшін күресіп жатты. Сарбаздардың қуанышына орай дәрігерлер көгершінді құтқара алды. Осылайша, Шер Ами ұлттық батырға айналды. Жасаған ерлігі мен Бірінші дүниежүзілік соғысындағы қанды шайқастардың бірі Вердун шайқасында 12 хабарламаны сәтті жеткізгені үшін Францияның әскери мемлекеттік наградасы – Әскери крест медалімен марапатталды.

Шер Ами бір жылдан кейін АҚШ-тың Нью-Джерси штатында табиғи себептермен өлді. Оның денесінен тұлып жасалды. Қазір ол АҚШ-тағы Смитсон университетінде сақтаулы тұр.