Untitled Document

Оқиға... Әскерлер өмірін сақтап қалған көгершін (1)

Адамзаттың ықылым заманнан бері кейбір жануарларды қолға үйретіп, күн көрісіне пайдаланғаны белгілі. Әдетте, соғыста қолданылған жануарлар дегенде ең бірінші есімізге Қамбар ата түлігі түседі. Бірақ, Үндістан сынды кейбір елдерде алдыңғы шепте пілдер тұрса, Мысырда түйелер жиі пайдаланылды. Өз кезегінде иттер де соғыс құралына айналып отырды. Тіпті, әйгілі жиһангез Марко Полоның жазбаларында Шағатай ұлысында ханның он мыңға жуық төбет асырайтыны, оларды күзетке, малшылыққа, соғыс қимылдарына қолданатыны жазылған. Иә, біз айтып отырған жануарлар әр елдің географиялық ерекшелігіне сай қолданылды. Алайда, солардың ішінде барша адамзат игілігін көрген тіршілік иесі – көгершін. Олар күнделікті тіршілікте де, соғыс кезінде де поштаның қызметін атқарды. Әсіресе, ол кезде майдан даласында ақпарат алмасу ауадай қажет еді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін майдан даласында қаһармандық танытқан Шер Ами көгершінінің ерлігіне тоқталады.

Майдан даласында көгершіндерге де жұмыс табылды. Әрине, олар жауға соққы беру үшін емес, шұғыл хабарлар мен бұйрықтарды жеткізуге немесе барлау жұмыстарын жасау үшін қолданылды. Соғыс барысында көгершіндердің қызметін үлкен ауқымда пайдаланған соғыс – Бірінші дүниежүзілік соғысы. Тарихта алғаш рет соғыс жалпы сипатқа ие болған кезде құрама командирлеріне өз әрекеттерін күніне бірнеше рет нақты үйлестіру қажет болды. Әскерилерге дәл осы кезде қанатты серіктері көмекке келді. Олардың кейбіреуі Шер Ами есімді көгершін сияқты тарихта қалды.

1918 жылы 3 қазанда АҚШ-тың 77-ші жаяу әскер дивизиясының 500 сарбазы жау аумағында жүргізген ұзақ шайқастан соң, қоршауға алынып, ажал құрсауында қалды. Қоршаудағы жауынгерлерде төрт хабар тасымалдаушы көгершін болды. Командир артиллериялық қолдау сұрап, штабқа өтініш хабар жіберуге шешім қабылдады. Бірақ, әскерилер қоршауда қалған аумақты дұрыс білмегендіктен, көгершінмен жіберген хабарламада координаттар қате көрсетілді.