Untitled Document

Мақала... Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазған сөз

Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу екеуден жарып, бала қылып ұшырады. Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын деп, өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса, бір тышқан алады, алмаса, ала алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады, себебі қанағат қылғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек.

Байғыз деген құс бар. Кәріптікті, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады. Қайда бұзылған ойрана жай болса, сонда жатады, су ішпейді, бидай, тары жемейді. Аузына көлденең тістеген қылдан да жіңішке жалғыз шөп болады. Оны да жемейді, құр тістеп жүрсе керек.

Қазақта бір сөз бар, «Тұрымтай екеш тұрымай да тайлы биенің етін жейді» деген. «Бір тауыққа һәм дән керек һәм су керек» деген. Бірнәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның әуресімен болып, бейнетке қалсам керек, деп сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді. Тақ Сүлеймен пайғамбарға (алейһиссалам), барша құстар қызметкер құл болғанда, ол келмеген. Сонда

Сүлеймен патша:

- Не үшін келмейсің? – дегенде, - Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін? – деседі. Осымен құлдықтан халас болған.

Адам мұны ойлап пікір қылуы керек. Ұшқан құсты торға түсіретін, жүйрік аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. Ол жау не десеңіз, жұтқан тамақ. Жалғанда мазаққа, ахиретте азапқа түсіретін тамақ. Артық тамақтан тартынған бәрінен халас болады.