Untitled Document

Ғибрат... Екі сұлтан

Пайғамбарымыздың сүйікті немересі хазреті Хусейн Кербалада шәһид етілгенінен кейін қыздары қорғаусыз қалады. Үлкен қызы Фатима 12 жасар және Сакина 11 жасар болатын. Олар мүшриктер тарапынан Анадолуға жіберіліп, Византияға сатылады. Патша бұл жағдайдан пайдаланғысы келеді және оларды шоқындыру үшін әр түрлі шараларды қолданады. Алдымен оларды жақсы қарсы алып, оларға інжу-маржандар, қызметшілер, киімдер беріп, қонақтай қарайды. Қыздар «бұл салтанаттың әлбетте өтелетін құны бар»-деп ойлайды. Басында ғибадаттарын еркін жасайды. Кейіннен сұрқия патша шынайы жүзін көрсетеді: «Сендер Византияда өмір сүрудесіңдер, біз сияқты болуларың керек!..» дейді. Монастырға жібермекші болады, бірақ олар келіспейді. Қыздарды әдемі бөлмелерінен шығарып, зынданға тастайды. Ол жерде қатты қиналады. Оларға қатқан нан мен су береді. Патша бұларға ойланулары үшін 40 күндік мерзім береді «Не шоқынып, монастырға барасыңдар немесе ....!»  Бұл іске патшаның әйелі де араласып, мәселені қатаң түрде емес, жұмсақтықпен шешу мақсатында өздерінің 14 жасар Катерина есімді қызын оларға дос ретінде жібереді. Мақсаты қызы арқылы өздерінің діні мен өмір сүру салтын жақсы түрде көрсету еді. Фатима мен Сакина қонақтарын жақсы қарсы алады. Ханшайым ол екі қызды қатты жақсы көріп қалады және олардан қатты әсерленеді. Мұсылмандардың өмір сүру салты, мінез-құлықтары және діндері жөнінде сұрақтар қойып, таңғалып тыңдайды. Олардың бірнеше кереметтерін көріп мұсылман болады. Олардың қасынан еш айрылмайды. «Сендер не айтсаңдар да, не істесеңдер де дұрыс» дегендіктен қыздар оған Сыддықа деген ат береді. Зындандағы жағдайлардан сұраған ата-анасына: «Бәрі жақсы, таң қалуға дайын болыңыздар» деп жауап береді. Бірақ санаулы күндер тез өтіп кетеді, 40-шы күні қоштасу уақыты келеді. Сыддықа: «Сендер қандай бақыттысыңдар, шәһид болып, сүйіктілеріңе қауышасыңдар. Ал мен...» деп мұңаяды. Фатима бір қағазға Сыддықаның мұсылман болғанын жазады және қолдарын ашып дұға етеді, қалғандары амин деп тұрады. Біраздан соң үшеуі де бірден қайтыс болады. Барлығы Стамбулда “чифте султан” (жұп сұлтан) шыңында жерленген.