Untitled Document

Әңгіме... Қожа Насыр

Қожа Насырдың үйіне бір күні шәкірттері жиылып келіп байқаса, қораның ішінде бір семіз тоқты тұр екен. Қожаның сойғалы семіртіп отырған тоқтысы болады. Шәкірттері Қожаның аңқаулығына сеніп, оны алдап, тоқтыны сойғызбақ болып, қасына жиылады да:

— Қожеке-ай, мына тоқтыға көп еңбекті босқа сарп қылғаныңыз-ай! Енді қызығын көрмей қаласыз-ау! — деседі.

Қожа Насыр: — Е, неге, неге қызығын көрмеймін? — дейді.

Шәкірттер: — Ойбай, қайдан көресіз, ертең ақыр заман болатын бопты, - дейді.

Қожа Насыр: — Ендеше, тоқты далаға бос қалмасын, мұны бірдеме қылайық, соның ақылын табындар, — дейді.

Шәкірттері: — Ендеше, мұны дарияның жағасына апарып сояйықта, сонда асып жейік, сөйтіп, қызығын көріп өлейік, — деседі.

Қожа Насыр: "құп" — дейді. Сонымен, дария жағасына барысып, тоқтыны сойып, етін қазанға асады да, шәкірттер Қожа Насырға: — Сіз қазанға от жағып отыра тұрыңыз, біз мына суға түсіп қайтайық! — деп тегіс кетіп қалады. Қожа отырып қалады.

Бір уақытта шәкірттер әбден шешініп, киімдерін жағада тастап, өздері тегіс суға түсіп кетеді. Олар сөйтіп, шомылып жатқанда Қожа барып, бәрінің жағадағы киімін жиып әкеледі де, қазанның астындағы отқа жағып, етті пісіріп отыра береді. Бір мезгілде шәкірттер судан шығады. Киімнен бәрі жұрдай болған. Қожа Насырға жалаңаш келіп: — Киім көрдіңіз бе? — дейді.

Қожеке: — Көрдім, мен бәрін әкеп, отқа жағып жібердім, — дейді.

Шәкірттері безек қағып: — Ойбай-ау, не дейсіз? Ойбай, мұныңыз не? — дескенде, Қожа Насыр: — Е, өздерің ертең ақыр заман болады дегендерің қайда? Олай болса, киім неге керек? Онан да мына жеп өлетін ет піссін деп, мен әдейі отын қып жақтым. Керегімізге жараттым, — депті.