Untitled Document

Сұхбат... Жалғанның соңынан қалмай жүгіресіңдер!

Дүние қадірсіз, оны қадірлеп, соңынан жүгірген адам да қадірсіз. Дүниенің Аллаһтың алдында мүлде қадірі жоқ. Хадис шәрифте: «Бұл дүниенің Аллаһтың алдында шыбынның қанатындай қадірі бар болғанда, кәпірге бір жұтым су да бермес еді» делінеді.

Бір замандары үлкен ғұлама болған екен. Бір күні шәкірттеріне дәріс берген соң аяғында:

- Қазір сендерге өтірік айтамын!, - дейді. Шәкірттері бұған дейін мұндайды естімеген соң аң-таң болып сұрайды:

- Ұстаз, кешіріңіз, бірақ түсіне алмадық, ол не дегеніңіз?

- Түсінбейтін несі бар, қазір сендерге өтірік айтамын. Егер өтірік айтқаным кейіннен мәлім болса, маған күнә болар еді. Бірақ мен басынан ескертіп айтып қойдым сендерге.

Шәкірттер мұқият тыңдап отырады. Сол кезде ұстаздары айтады:

- Дәл қазір мына есіктен ішке өте атақты біреу кірмекші!

Шәкірттердің бәрі бірден терезеге жүгіреді. Бірақ келе жатқан ешкім жоқ еді.

- Ұстаз, ешкім жоқ қой!, - дегенінде ғұлама:

- Дұрыс, мен сендерге басынан өтірік айтамын деп ескерттім ғой, сендер сонда да терезеге жүгірдіңдер... Айта-айта шаршадық. Бүкіл кітаптарда жазылған «Бұл дүние жалған» деп. Сендер сонда да оның соңынан жүгірудесіңдер. Яғни жалғанның соңынан қалмай жүгіресіңдер. Адамның нәпсі осы. Шайтанның алдап-арбауы осы. Адамды түстің соңынан, қиялдың соңынан жүгіртеді, - деген екен.

Үлкен ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) айтқан:

«Күлли шәй ин фән» – барлық нәрсе өткінші. Барлық нәрсе қиял. Өмір қиял. Бұл дүние де өткінші, бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Адамның өмірі түс секілді өтіп жатыр. Өміріміздің өткен шағы қиял болып өтіп кетті, келетін шағы да қиялға айналады. Адамдар ұйқыда, өлген кезде оянады, шынайы өмір, нағыз өң өліммен басталады.