Сұхбат... Арапа және тәруия күндері
Сұрақ: Құрбан айттың алдындағы күндердің дінімізде қандай маңыздылығы бар?
Жауап: Құрбан айттан бір күн бұрынғы күн «Арапа күні», ал оның алдындағы күн «Тәруия күні» деп аталады. Бұл күндердің қасиеті жайында мәліметтер төменде:
Тәруия күні
Зүл-хиджа айының сегізінші күні, Арапа күнінің алдында келетін күн «Тәруия күні» деп аталады. Ол күні қажылар Меккеден Минаға барады. Тәруия деп аталуының сыры, қажылардың ол күні зәмзәм суын ішіп қануларында. Тәруия – ойлану деген мағынаға да келеді.
Ибраһим пайғамбар (алейһиссалам) Зүл-хиджа айының 8-ші түні түсінде өз баласын сойғалы жатқанын көреді. Таң атқаннан кейін «Түс Аллаһтан ба, шайтаннан ба?» деген ойға шомады. Арапа түнінде өзіне «Бұйырылған нәрсені орында» деген бұйрық келгенде Аллаһтан екенін біледі. Осыдан келіп, ол күн «Білу» деген мағынаны беретін «Арафа» сөзімен аталды. Арапа – Зүл-хиджаның 9-шы күні. Басқа күн арапа деп аталмайды.
Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Бір мұсылман тәруия күні (арападан бір күн бұрын) ораза тұтса және күнә сөз сөйлемесе, Аллаһу та’ала оны әлбетте жұмаққа кіргізеді». (Рамуз)
«Тәруия күнінде ораза тұтқан адам мың құл азат етіп, екі мың түйе құрбандық шалып, жиһад үшін мың ат бергенге тең сауап алады.» (Әбулбәракат)
Тәруия күнінен кейін арапа күні келеді.