Тарих... Кенесары хан
Кенесары хан немесе Кенесары Қасымұлы (1802, Көкшетау өңірі — 1847, Қырғызстан, Кекілік-Сеңгір аңғары) — мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы (1841–1847). Кенесары Шыңғыс ханның 27-ші ұрпағы, Абылай ханның немересі.
XIX ғасырдың 20 — 30-жылдарында отаршыл өкімет билігі мен қазақ халқының арасындағы қарым-қатынас елеулі түрде шиеленісе түсті. Біріншіден, Кіші жүз бен Орта жүздегі хан билігінің жойылуы сұлтандардың, билердің және батырлардың едәуір бөлігінің наразылығын туғызды. Екіншіден, патша үкіметі қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу үшін жаппай тартып ала бастады. Үшіншіден, бұрын Ресейге ешқандай алым-салық төлеп көрмеген қазақтарға ендігі жерде жасақ, түтін салығы, жол салығы сияқты алым-салық түрлері көбейе түсті, қазақ өз жерін өзі жалға алып, пайдаланатын күй кеше бастады. Төртіншіден, патша үкіметінің әскери отрядтары қазақ ауылдарына шабуыл жасап, күн көрсетпеді. Осының бәрі байырғы жергілікті халықты (номадтарды) қатты күйзеліске ұшыратты, олардың күн көрісін қиындатып жіберді.
Көтерілістің басты мақсаты қазақтардың патша үкіметі тартып алған ежелгі жерлерін өздеріне қайтарып алу, округтерді тарату, отаршылар енгізген алым-салықтарды жою еді.
Көтеріліске қатысушылар негізінен қазақ халқы еді. Бірақ олардың арасында орыстар мен башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, тіпті поляктар және басқа халық өкілдері де болды. Олардың кейбіреулері ханның ерекше сенімі мен құрметіне ие болып, жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Мәселен, Кенесарының өзінің хатшысы бұрынғы орыс солдаты болды. Наурызбай сұлтанның атқосшысы да Николай Губин есімді орыс еді. Татар Әлім Ягудин Әскери кеңестің мүшесі болатын. Дипломатиялық қызметке ханның атынан Сейдаққожа Оспанов басшылық етті. Бұлардың бәрі де Кенесарыға жақсы ұйымдастырылған тәртіпті әскер құруына көмектесті және көтерілісшілерге өздерінің жеке тәжірибелерін үйретті.
1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс басталды.