Untitled Document

Жалғасы... Адал сауда (2)

Дау-дамай ұрыс-жанжал соңы жұдырықтасуға жетіп, төбелеске ұласты да, жергілікті саудагерлер жат жұрттықтарды соққыға жықты.

Арашаға келген қазы бес саудагердің басшысы Бахриддинді сұраққа тартты.

– Қайдан жүрген жансыңдар? Кімсіңдер?

– Біз мұсылманбыз. Алланың нәсібімен келіп қалған жайымыз бар…

– Мүләйімсуін қараңыз… Қуланғылары келеді… Арам… – деді қала саудагерлері айқайлап.

Қазы қолын көтеріп шуылдақ жерлестерін тоқтатты.

– Тыныш жұртты неге сонша дүрліктірдіңіздер?

– Біз емес шырқ бұзған, – деді бөгде жандар бір ауыздан. – Жазығымыз жоқ секілді… Неге бізді соққыға жықты?!

– Менің де білмегім осы, – деді қазы сабыр сақтап. – Бахриддин әпендім, шыныңызды айтыңыз? Естуімше, сіздердің саудаларыңыз жүріп кетіпті. Қала жұртшылығы өз сатушыларынан зат алуды азайтыпты. Осы рас па?

– Өтірігі жоқ…

– Ендеше бәрін жасырмай жайып салыңыз. Жұртшылықты қалай қаратып алдыңыздыр? Нендей сыр бар?

– Онда ешқандай сыр да, сиқыр да жоқ. Біз хақ мұсылманбыз. Әуелі жаратушы Алланьң құлы, хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетіміз. Саудамыз адал. Таразыдан әсте жемейміз. Сатқан затымыздың бүлінгені, жарамсызы болса, жасырмай айтамыз. Ұнатпай кері қайтарса, қайтып аламыз. Кішіпейіл, қарапайым, елгезек болуға тырысамыз. Ылпылдатып-жылпылдатып, шапшаң өткізіп жіберуді мақсат етпейміз. Содан болар, біздің заттарымыз өтімді. Ал мұсылман үшін адал сауда жасау сауапқа жатады.

Бахриддиннің уәжді сөзіне тоқтаған қазы бөгде бес саудагерді қалада қалдыруға шешім қабылдайды. Кейіннен сол бес саудагер арқылы Горонтало шаһарында мұсылмандық кең тараған екен.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ