Untitled Document

Ғибратты оқиға... Адал сауда (1)

Индонезия елінің Горонтало шаһарында пайда болған бес саудагер жайындағы әңгімені ең әуелі қала базарындағы сатушылар естіп білді. Әр тұтынушыны түстеп танитын сатушылардың аңдыған-баққандары сол емес пе?

Сөредегі дүниесін асыра мақтап, қайтсе де ылдым-жылдым өткізіп жіберуге әбден дағдыланған, адамдарды алдап-сулап баюдың жолына шырақ алып түскен олардың бойын іштарлық, қызғаныш сынды қызылкөз нәпсі жайлағалы қа-ша-ан?!

Байқайды, жаңадан келген саудагерлердің азық-түліктері мен жеміс-жидектері табан астында өтіп кетеді. Қалалықтардың тіпті үйме-жүйме болып, кезекке тұрып жатқандарын көрмейсіз бе?

– Бұл нендей сиқыр, япыр-ау?! Бөтен елдің бөгде жандары жұрттың басын айналдырып, дуалап қойғаннан сау ма, өзі?…

– Затымыз өтпейтін болды…

– Аналарға тыйым салу керек…

– Басынуларын…

– Үндемеген сайын үдетіп барады…

– Тегін кісілер емес, сірә! – деп шуылдасты жергілікті сатушы-саудагерлер. Қолдары жүрмеді. Заттары өтпеді. Бұл қырсықтың келімсек саудагерлерден келгенін сезген сайын ашу-ызалары бұрқ етті. Нәпсі-қызғаныштары шыдатпай бас көтеріп әрекет жасауға құмбыл кірісті.

– Табандарыңды тайдырыңдар!

– Қайдан келсеңдер, сонда жөнеліңдер!

– Оңдырмаймыз! – деп қоқан-лоқы көрсетті қала саудагерлері.

– Неге кетулері тиіс?!

– Саудалары адал…

– Сендерге ұқсап таразыдан жемейді…

– Момын жандар, – деп қала жұртшылығы шыр-пыры шыға адал қарапайым, кішіпейіл, жуас жат жұрттықтарды қорғады.

жалғасы ертең...