Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Әдепті болу (2)

Таза жүру

«Достың ескісі, киімнің жаңасы жақсы» десек те, Ислам дінінде киімнің жаңа болуынан гөрі оның тазалығына аса мән беріледі. Оған қоса ішкі жан-дүниенің, жүректің тазалығын ұмытпаңыз. Өйткені алғаш танысқан адамның көзі алдымен киіміңізге түссе, сөйлесе келе мінез-құлық, әдебіңізге мән бере бастайды. Сондықтан сыртыңыз бүтін болғанымен, ішіңіз түтін болып жатса, бұл да әдепті, мәдениетті адамның белгісіне жатпайды.

Жақсы сөз сөйлеу

«Кімде-кім Аллаһқа және ахирет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген хадис бар. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бұл өсиеті де адамдарды әдепті, мәдениетті болуға үндейді. Сөзіне ісі сай, өзіне қатысы жоқ нәрсеге басын тықпалай бермейтін адамды қоғам да ешқашан сыртқа теппек емес.

Көпшіл болу

«Жаяу жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адасқан артығырақ» деп жатамыз. Мұның астарында эгоист болмау, көппен бірге болу деген түсінік жатыр. Өзінің ғана бас пайдасын ойлайтын адам өзімшілдікке салынып жүріп, көпшіліктің сенімінен бөлек әдептіліктен жұрдай болады. Пайғамбарымыз да (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) жалғыз жүргенді құп көрмейтін. Тамақ ішсе де, жанында қара көбеймейінше көңілі көншімейтін. Бұл да Аллаһ елшісінің (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабаларын әдептілікке үйреткен тәлімі еді.