Әдеп-ахлақ... Әдепті болу (1)
Ашуланбау
Ашу қысқан сәттерде маңайыңыздағыларға дүрсе қоя бермей, сабырлық танытып, ашуды жұту көп нәрсенің алдын алады. Өйткені ашу-ыза адамның есін жоғалтып, түрлі жамандықтарға ұрынып, орны толмас өкініште қалуына сеп болуы мүмкін. Сол себептен де пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) өсиет айтыңыз деп сұраған адамға қайта-қайта «Ашуланба!» деп жауап берген. Ал көпшілік ортада не болса соған ашуланып, елдің берекетін алу әдептілікке жатпайды.
Ұятты болу
Кез келген ортада немесе жалғыз қалғанда ұятқа аса мән беру де – әдептіліктің бір белгісі. Себебі ешкімнен ұялмаған адам ойына келгенді істей беруі мүмкін. Мәселен, балағат сөздерді қосып сөйлеуге әдеттеніп кеткен адам ешкімнен қысыла қоймайды. Ондай адамды мәдениетті, әдепті деп айта алмайтынымыз тағы белгілі.
Өтірік айтпау, шын сөйлеу
Бір хадис шәрифте Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әзілдеп болса да өтірік айтуды тастаған адамға жәннаттың ортасынан үйі болатынына кепілдік беремін» дейді. Шыншыл болу – қай заманда болмасын ардақталған адамның бойындағы ерекше қасиет. Өтірік айтпау, тек шындықты жеткізу хазреті Әбу Бәкірдің ас-Сыддық (шыншыл), ал әділ болу хазреті Омардың әл-Фаруқ (ақиқатты ажыратушы) атануына себеп болды. Пайғамбарымыздың сенімді серіктері де әдептілік тұрғысынан баршаға үлгі бола білгені тарихтан белгілі.