Жалғасы... Қазақ мифологиясындағы кейіпкерлер (3)
Албасты. Албасты барлық түркі тілдес халық мифінде кездеседі, бірақ әр елде сипаты мен бейнесі әртүрлі.
Қазақ мифологиясында Албасты зиянкес, зұлым жын бейнелерінің бірі ретінде берілген. Албасты кез келген тіршілік иесіне айналса да, оны жиі су жаратылысымен байланыстырады. Албасты — аузынан өткір тісі шығып тұратын семіз, түкті әйел, оның салбыраған төсі жерге жетеді.
Албасты зұлым рухы Моңғолиядан Германияға, Еділ бойынан Түркия мен Иранға дейінгі аумаққа таралған. Қырғыздар оны «албасты», тәжіктер «албарсты», «алмасты», «абарси» деп атайды. Анадолы түріктері мен Қырым армяндары «албасты» десе, марий, удмурттар, чуваштар, татарлар, башқұрттар «албаста» немесе «албасты», алтайлықтар «албылар», моңғолдар «альбин» дейді. Халықтар нанымында албасты — ең мобильді демонологиялық кейіпкер.
Үббе. Үббе немесе үбі – қазақ нанымында судың ішінде болатын құбыжық. Үббе өзен-көлге шомылып суға түсіп жүрген адамдардың сирағынан ұстап батырып өлтіреді. Ертеде адамдар суда жүргенде қорқыныш сезсе, «Үббе, маған тиіспе!» деп айғайлайтын болған.
Қазақ баласына кешке таман немесе түнде аса бір қажетік болмаса, суға баруға, күн таласып тұрған кезде шомылуға тыйым салған. Суға барған жағдайда, шелекке пышақ салып қою керек деген ырым бар. «Үббе» деген атаудың өзі «үптеу» (жоқ қылу) деген етістікпен байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар қазақ демонологиясында «үбіжәй», «бүжәй» дейтін кейіпкер бар. Көбіне Үбіжайды айтып, кішкентай балаларды қорқытады. Әр өңірде қолына қорқынышты бірдеңені ұстап алып «Үбіжәй келе жатыр! Жыласаң, үбіжәй алып кетеді!» деп баланы тәртіпке салып жатады. Мұны айтқан адам «үбі», «үбіжәй», «бөжей», «бөжек», «үбіжік» дейтін осы құбыжықты меңзеп тұр. Үббе мен үбіжәй негізі бір ұғым деуге болады.