Жалғасы... Қазақ мифологиясындағы кейіпкерлер (2)
Пері бейнесі (өзге халықтар пари дейді) тәжік, памир халықтарында, ауғандарда, парсыларда сақталып, кейінірек түркітілдес мифологияда рөлі күшейген. Игі ниетті перілер мифология бойынша құс, құндыз, уы жоқ ақ немесе сары жылан кейпінде пайда болады. Ал зұлым пері улы жылан, бақа, тасбақа, жолбарыс сынды жыртқыш аң бейнесінде болады.
Мыстан кемпір. Бұл — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бақсы кейіпкер. Ол кейбір әңгімелерде ақымақ болып көрінгенімен көбіне дөрекі әрі ашулы болады. Мыстан кемпірдің де сырт келбеті кәдімгі бақсы-демондық кейіпкерлер сияқты: шашы ұзын әрі тіке, тырнақтары өткір, тістері қисық. Мыстан кемпір ертегілерде көбіне тісімен жер қазып, жылқы қуып, асқа у салып, бас кейіпкерді ұрлап, тұтқынды байлап ұстап немесе тірідей жеп қояды. Бұл кейіпкер «Ер Төстік», «Алтын сақа», «Мыстан Кемпір», «Күн астындағы Күнекей қыз», «Ай астындағы Айбарша сұлу» және тағы басқа ертегіде кездеседі.
Жезтырнақ. Әдетте, жезтырнақ қолын жеңінің астына сұғып алатын сұлу да, мұңайған қыз ретінде бейнеленеді. Киімі алтын-күміс әшекеймен безендірілген. Бұл — қазақ мифологиясындағы жыртқыштардыкі тәрізді ұзын да өткір тырнағы бар, адамға қас қылатын, қара ниетті сұлу әйел.
Жезтырнақ көбінесе иен далада, өзен-көл жағасында бейсауат жүрген адамдарға кезігіп, оларға қастық жасауға тырысатыны туралы ертегі-аңыздарда айтылады.
Жезтырнақ туралы қазақ аңыз-ертегілерімен қатар түркі халықтары фольклорында да айтылады. Қырғыз мифологиясында бұл «жезтумшүк», «шүлбус», алтай-саян түріктерінің фольклорында да дәл осы атаумен кездеседі.
Жалмауыз кемпір. Жалмауыз – қазақ мифологиясындағы қарға тұмсықты, аяқ-қолының тырнағы сояудай, әрі қайратты, адам жегіш жауыз кемпір кейпінде бейнеленетін кейіпкер. Жалмауыз кемпір көбінесе ер балаларды аңдып, жеп қоюды мақсат етеді.