Сіз білесіз бе? Қазақ мифологиясындағы кейіпкерлер (1)
Қазақ мифологиясында адам жейтін, сирақтан ұстап суға батыратын, алдап-арбайтын,
бірақ түбі үнемі жеңіліске ұшырайтын зұлымдар бар. Бұл — мифтік кейіпкерлер. Жалмауыз кемпір мен мыстан кемпір, албасты мен жезтырнақ қалай пайда болды? Жағымсыз кейіпкерлер не себепті әйел бейнесімен берілген?
Қазақ мифологиясында қандай кейіпкерлер бар?
Мифологияда 40-тан астам кейіпкер бар. Олардың бірі адам жанын алатын қаскүнем болса, енді бірі — жағымды кейіпкерлер. “Қазақтың мифтік кейіпкерлері” деген кітапта қазақ фольклорындағы мифтік кейіпкерлер алты топқа жіктелген:
Тотемдік кейіпкерлер: көк бөрі, көк өгіз.
Шамандық кейіпкерлер: самұрық, бәйтерек, бақсы.
Демонологиялық кейіпкерлер: албасты, жезтырнақ, жалмауыз, мыстан кемпір, пері, шайтан, жын, дию.
Хтоникалық кейіпкерлер: дәу, алып, ергежейлі .
Ілкі қаһармандар: сиқырлы көмекшілер (таусоғар, көлтауысар, саққұлақ, желаяқ, епті), Пірлер (Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Сексек ата, Шопан ата).
Трансформацияланған мифтік кейіпкерлер: Қаңбақ шал, Тазша бала.
Давалпа-қонаяқ, пері — пари. Ислам тарағанға дейінгі кезең кейіпкерлері тек қазақ ауыз әдебиетінде, ал өзге кейіпкерлер басқа да Орта Азия елдері фольклорында жиі кездеседі. Мысалы, араб-парсы фольклорындағы давалпа — қазақ мифологиясындағы қонаяқ. Бұл — үсті адам, бірақ аяғы буынсыз, белдік сияқты ұзын жын сипатты кейіпкер. Қонаяқ адамдар арасында емес, орманда, ағаш басқан аралдарда өмір сүреді. Бұтақ үстінде отырып, құрбанын күтеді. Жалғыз жүрген саяхатшының үстіне секіріп, әлгі ұзын аяғымен байлап, қылқындырып, жеп қояды деген дерек бар.