Untitled Document

Рамазан сұхбаты .. Кімдер ораза тұтпайды?

Ораза тұтпауға рұқсат беретін жағдайлар:

1) Ауру: ауруға шалдыққан немесе ораза тұтқанда ауруы асқынатын кісі ораза тұтпайды. тұтқан болса, аша алады. Ауруға қарайтын кісі де ауру үкіміне жатады, яғни ауруға қарауда қиналатын болса, тұтпауға болады.

2) Сафарилік: 104 км алысқа сапар шеккен кісі 15 күннен аз қалатын жерінде сафари (жолаушы) үкімінде болады. Жолда қиындық туындаса, жұмысына кедергі болса немесе қазаға қалатындай бір жағдайға тап болса, оразасын қазаға қалдыру жаиз болады. Хадис шәрифте: «Сапарда қиындық туғанда ораза ұстау дұрыс емес» делінді. (Бұхари)

3) Екі қабат және омырауда баласы болу: Өзіне не баласына бір зияны тиетін болса, екі қабат және емізулі баласы бар әйел ораза тұтпайды. Хадис шәрифте: «Аллаһу та’ала екі қабат әйелмен емізулі баласы бар әйелдің ораза тұтпауына рұқсат берді, оразасын кешіктірді» делінген. (Әбу Дауд, Тирмизи, Нәсаи). Емізетін әйел өз баласы немесе басқаның баласын емізсе де үкім бірдей.

4) Аштық және сусыздық: Қатты аштық немесе шөлдеуге тап болып, өлім қауіпі немесе талып қалу не ауырып қалу жағдайына жолыққан кісі оразасын аша алады.

5) Кәрілік: Өте қарт кісі ораза тұта алмайтындай халде болса, тұтпайды. Егер күш жинау мүмкіндігі де болмаса, тұтпаған күндер үшін фидйа береді. 30 күннің фидйасы 53 кг ұн.

Рамазан шәриф айында ораза тұту үлкен сауап. Ешқандай себепсіз ораза тұтпау үлкен күнә болады. Хадис шәрифте пайғамбарымыз: «Себепсіз рамазанда бір күн ораза тұтпаған кісі оның орнына жыл бойы ораза тұтса, рамазандағы әлгі бір күндік сауапқа жете алмайды» деді. Бірақ, жоғарыдағылар сияқты діни бір себебі болса, ораза тұтпау күнә емес. (Тирмизи)