Untitled Document

Жалғасы... Әулиелер кереметі (2)

Шырақшы Б.Ералиев Оспан ишанның боқтампаз болғанын айтады. Ауызынан боғауызы түспейтін әулиені талай молдасымақ мұқатып, сынағысы да келген екен. Алайда олардың онысынан түк те шықпаған.

Бірде Оспан ишан кемпіріне: «Ас-суыңды әзірлеп қой, мені «тәртіпке» салайын деп біреулер келеді», – депті. Ишанның жүрегіне Құдай алдын ала сездірген ғой, үйіне бір топ адам келе жатыр екен, арасында Қалжан ахун бар. Сөйтсе, шариғатты ішіп-шайып алған бес-алты молда Қалжан ахунды қайта-қайта ортаға алып: «Оспан деген өзі ишан бола тұра, аузы лас, екі сөзінің бір боғауыз. Бұл шариғатқа қайшы. Сіз болып, біз болып боқтығын қойдырайық», – деп маза бермепті. Қалжан ахун амалсыздан олардың дегеніне көніп, іздеріне ерген екен. Сонымен, қонақтар да ишанның қонысына жетті. Қалжан: «Ассалаумағалейкүм» деп атынан түсе бергенде Оспан ишан аяғын жерге тигізбестен Ахунды көтеріп алды да: «Жоғарыға қара» – депті. Содан кейін аяғынан ұстап, басын салдыратып қойып: «Енді төменге қара» – деген. Екеуінде де «Қарадым, түсіндім», – дей берген Қалжан ахунды жерге түсіріпті. Сонда ишан: «Қалжан, сені ахун-ахун дегенге еңгезердей біреу екен десем, қаңбақтай адам екенсің ғой», – дейді. Содан кейін бес-алты молдасымен Қалжан ахун үш күн, үш түн ишанның уағызын тыңдап, рухани сусынын қандырыпты.

Қайтар жолда молдалар Ахунға: «Сізбен бірге ишанның боқтығын қойдырамыз деп келіп едік. Ол туралы неге бір жақ ашпадыңыз», – дейді. «Е-е, сендер ештеңе түсінбеген екенсіңдер. Ол мені көтеріп алып жоғарыға қаратқанда көзіме жәннатты көрсетті, төменге қаратқанда тозақты көрсетті. «Саған осы екеуінің қайсысы керек?» – деп сұрады. Ол кісі ілімді, оған боқтап сөйлеуге болады екен», – деп жауап береді Қалжан ахун.