Untitled Document

Оқиға... Әулиелер кереметі (1)

Қармақшы топырағында өмір сүрген әулие-әнбиелер көп болған. Мұнда түркі жұртының абызы Қорқыт атаның, діни қайраткер Марал, Қалқай ишанның, немерелері Тобағабыл, Оспан, Мамырбай, Алдажар ишанның, Әбдірахман мақсұмның баласы Әмит ишанның және олардың ұрпақтары Қауыс және Ысқақ ишанның кесене-бейіттері бар. Бүгін біз осы қасиетті бабалардың ішінен Оспан ишанға жеке тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз.

«Марал баба» қорымының шырақшысы Бекболат Ералиевтің айтуынша, Оспан ишан ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген.

 - Той-садақаларда ишанның адамшылығын, кереметтерін көнекөз қариялар тамсана айтып отыратын. Тіпті ол атасы Марал бабаның кереметін де қайталаған, – дейді шырақшы.

Ел аузындағы дерекке сүйенсек, бір күні ілімді, аузы дуалы сегіз әулие Марал ишанмен бірге сапарға шығады. Қараөзек пен Сырдарияның түйіскен жері Ашаға келіп тоқтапты. Арасынан біреуі Марал бабаға қарап: «Аллаһ сізге зор кереметті, мол қасиетті берген еді, айтыңызшы, тақсыр, мына өзеннің арғы бетіне қалай өтеміз?» - депті. Сонда баба оларға: «Көздеріңді жұмып, аттарыңа қамшы басып, ізімнен еріңдер. Бірақ көздеріңді ашушы болмаңдар», –­ деген. Дарияның қақ ортасына жеткенде біреуінің көкейіне күдік ұялады ма, әлде ишанның кереметін көзімен көргісі келді ме, көзін ашып қояды. Марал ишан мұны сезіп, артына қараса, әлгі атынан құлап бара жатыр екен. Жалма-жан көтеріп алып, қайта орнына отырғызған екен. Сонда «Сендерге көздеріңді ашпа демедім бе?» – депті. Діттеген жеріне жеткенде көпшілік «Дариядан қалай өттіңдер?» – деп сұрағанда, бабаның жанындағылар «Әуелі Құдайдың құдіреті, екінші Марал ишанның дұғасының арқасы», – депті. Кейіннен осы кереметті немересі Оспан ишан да қайталаған. Дарияның үстінен, яғни судың бетімен жүріп өткен екен.

жалғалсы ертең...