Untitled Document

Сұхбат... «Мәктубат» және Имам Раббани

Білгірлердің шамшырағы, әулиелердің ұлысы, Исламның қорғаушысы және мұсылмандардың панасы болған Имам Раббани Мүжаддиди ал-фи сани Ахмет Фаруқи Сирхинди хижри 971 жылы Үндістанда Сирхинд қаласында туылып, 1034 жылы сол жерде қайтыс болған.

Ұлы ғалым, ұлы әулие және мүжтәһид тұлға болған. Силсилә-и алиядағы 23-ші ғұлама. Нақшыбандия, Қадирия, Чәштия, Кубрауия, Сухрауардия тариқаттарында кемел мүршид болған.

Пайғамбарымыз «Үмметімнен «Сыла» деген бір адам шығады. Оның шапағатымен жұмаққа көп адамдар кіреді» деген. Осы хадистегі Сыла деген есімнің Имам Раббаниге өте лайық екендігін жүздеген ғалым айтқан. Сыла есімімен одан бұрын ешкім аталмаған. Сыла шариғат пен тариқатты біріктірген адам деген мағынаны береді. 17 жасында ашық және жасырын ғылымдардың ұстазы болды. Тіл жеткісіз жоғары дәрежелері, теңдессіз мақамдары, кереметтері мен барлық тұрғыдағы артықшылықтары болған.

Кәлам, фиқһ және сопылықтың мәнін анықтаған және парсы тілінде жазған «Мәктубат» кітабы түпсіз терең дария. Кітап үш томнан тұрады, 536 хатының жинағы болып табылады. Имам Раббани бұл еңбегінде адамзат баласының рухани ауруларын емдеу жолдарын көрсеткен, ислам дініне қалай сену керектігін, ғибадаттардың мәнін, әулиелік, Расулуллаһтың көркем мінезі, ислам, тариқат және ақиқаттың бірібірінен бөлек нәрселер емес екендігін айқын түрде түсіндіріп берген. Түрік тілінде басылған «Мәктубат» кітабы бірінші томының аудармасы болып табылады. Бұл кітап 512 беттен тұрады, 313 хатты қамтиды. 

Сәйид Абдулхаким Арваси «Аллаһтың кітабынан және Расулуллаһтың хадистерінен кейін ислами кітаптарының ең жақсысы, ең пайдалысы «Мәктубат» кітабы болып табылады» деген.